Бизнеске қатысты заңнамалық өзгерістер енді бір уақытта күшіне енеді – агенттік
«Көбіне кәсіпкерлер заңнаманың жиі өзгеруіне шағымданады. Олар өзгерістерді қадағалап үлгермейді. Мысалы, 7 жыл ішінде Кәсіпкерлік кодекске 96 рет, ал 6 жыл ішінде Салық кодексіне 50 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Нәтижесінде кәсіпкерлер заңнаманың жаңа талаптарын білмей, заң бұзып, жауапқа тартылу қаупі бар. Егер 2015 жылы 235 мың бизнес субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 2020 жылы 445 мың адамға айыппұл салынды», - деді Превенция қызметінің басшысы.
Осы мәселені шешу мақсатында, яғни енуі мүмкін өзгерістер туралы кәсіпкерлердің хабардар болуын қамтамасыз ету үшін агенттік «Екі дата ережесін» енгізген.
«Агенттік енгізген «Екі дата ережесін» енгізу туралы ұсынысты атап өткім келеді. Мұның мәнін түсіндіре кетейін. «Екі дата ережесі» - бұл халықаралық тәжірибе. Оның мәні бизнестің мүдделеріне әсер ететін жаңа заңнаманың қабылданатын уақытын нақты мерзімге белгілеу. Мысалы, 2020 жылы Литва Республикасының Үкіметі «Екі дата ережесін» белгілеу туралы шешім қабылдады. Атап айтқанда, бұл елде жаңа өзгерістер 1 мамыр және 1 қараша күндерінен бастап қолданысқа енгізіледі. Ал Ұлыбританияда бұл мерзім 6 сәуір және 1 қазан. Осы ұсыныстарды іске асыру бизнес субъектілеріне жаңа заңнамамен жүктелген міндеттемелерді орындауға дайындалуға мүмкіндік береді деп санаймыз», - деп түйіндеді Саян Ахметжанов.
Сонымен бірге Саян Ахметжановтың дерегінше, «Бизнеске жол» жобасы аясында кәсіпкерлердің ісіне кедергі келтірген 47 лауазымды тұлға жауапқа тартылды.
Бұған қоса, өңірлердегі білім басқармаларының қызметкерлері Kundelik.kz-ке мектеп асханасындағы мәзірді орналастырғаны үшін кәсіпкерлерден ақша алып келген.