Бизнесмен Месси мен Роналдудың қатысуымен өтетін матчқа 2,5 млн еуроға билет сатып алды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бизнесмен Мушраф аль-Гамди Месси мен Роналдудың қатысуымен өтетін матчқа 2,5 млн еуроға билет сатып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сhampionat.com сайтынан алынған мәліметке қарағанда, «ПСЖ» (Париж) мен Сауд Арабиясының «Аль-Наср» және «Аль-Хиляль» біріккен командасы арасында ойын 19 қаңтар күні кешкісін Эр-Риядта өтеді.

Сауд Арабиясы ойын-сауық істері жөніндегі бас басқармасының төрағасы Турки Аль аш-Шейхтің әлеуметтік желіде мәлім еткеніндей, билет қаржысы Ehsan мемлекеттік қайырымдылық қорына түседі. Билет аль-Гамдиге бәсекені VIP-аймақтан тамашалауға, сондай-ақ ойыннан соң футболшылар шешінетін жерге кіріп, Лионель Месси және Криштиану Роналдумен кездесуіне мүмкіндік береді.

Роналду осыған дейін жаңа клубы құрамында бірде-бір рет кездесуге қатыспаса да, ойынға капитан болып шықпақшы. Сонымен қатар саудиялық біріккен командада басқа да атақты футболшылар өнер көрсетпекші.

L'Équipe басылымының жазуынша, құрамында Месси бар «ПСЖ» осы матч үшін 10 млн еуро таппақшы.

К.Роналду мен Л.Месси жасыл алаңда соңғы рет 2020 жылдың желтоқсанында кездескен еді. Онда «Ювентус» Чемпиондар лигасында «Барселонаны» 3:0 есебімен жеңіп, португалиялық шабуылшы қос голдың авторы атанған болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Барселонаның» Испанияның суперкубогін жеңіп алғанын, Лондонның «Арсеналы» өз тарихында алғаш рет 18 матчта көп ұпай жинағанын жазған едік.


Фото: Getty Images



Соңғы жаңалықтар
telegram