Бизнесті мемлекеттік қолдау аудиті: 14 материал құқық қорғау органдарына жолданады
АСТАНА. KAZINFORM — 133 млрд теңге бюджет қаражатының тиімсіз жоспарлануы анықталды. Бұл туралы кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдаудың тиімділігіне жүргізілетін аудит бойынша есепті жариялау кезінде Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов айтты.
— Жоғары аудиторлық палатаның бағалауынша, қаржылық қолдау шараларын алған жобалардың 64 пайызында төленген салықтың өсімі қамтамасыз етілген. Бірақ олардың барлығы мемлекеттік қолдау есебінен деп айтуға болмайды. Мәлімделген өндіріс іске қосылмай, жабдық әлі де қаптамада болса да, төленген салық көлемі артқан жобалар бар. Бұны кәсіпкердің қолдау шараларын алғанға дейін ретке қойған қызметімен түсіндіруге болады… Жалпы, мемлекеттік қолдаудың 1 теңгесіне төленген салықтың көлемі негізінен 1 теңгеден кем келеді, — деді Әлихан Смайылов Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, 133 млрд теңге бюджет қаражатының тиімсіз жоспарлануы және пайдалануы, 132 млрд теңгеге қаржылық есептің бұрмаланғаны, 13 млрд теңгеге қаржыландыру талаптарын бұзу анықталды. 40 млрд теңгеге жуық экономикалық шығын мен жіберіп алған пайда тіркелді.
— 14 материал құқық қорғау органдарына жіберіледі. Әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін 105 материал жолданды. Әрбір анықталған кемшілік бойынша нақты тапсырмалар мен ұсынымдар берілді, олардың орындалуы Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болады, — деді ЖАП басшысы.
Бұған дейін хабарланғандай, Жоғары аудиторлық палата бизнесті қолдау тетіктерінің кемшілігін атады.