Бизнесті жеңілдікпен қаржыландыруға 275 млрд теңге бөлінеді
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл бизнесті жеңілдікпен қаржыландыруға 275 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаментінің директоры Дарын Әбдуәлі айтты.

- Бүгінгі таңда бизнесті мемлекеттік қолдаудың талап етілетін шараларының бірі Кәсіпкерлікті қолдаудың кешенді бағдарламасы аясында іске асырылатын Бизнестің жол картасы және Қарапайым заттар экономикасы бағдарламаларының құралдары болып қала береді. Бұл бағдарламаның операторы – «Даму» қоры. Мәселен, 2024 жылдың қорытындысы бойынша кредиттерді субсидиялау арқылы жеңілдетілген қаржыландыру шараларымен шамамен 1 трлн теңге кредит сомасына 17 мыңнан астам бизнес жобасы қамтылды. 310 млрд теңге сомасына 8 мың жоба бойынша кепілдік берілді. Биыл осы мақсаттарға 275,2 млрд теңге бағыттау жоспарланған, - деді департамент басшысы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның дерегінше, өңірлер бөлінісінде жобалардың басым бөлігі Алматы, Астана, Шымкент қалаларында, Алматы, Түркістан және Ақтөбе облыстарында іске асырылды.
- Салалар бойынша өңдеу өнеркәсібі, көлік және қоймалау, білім беру жобалары басым, - деді Дархан Әбдуәлі.
Айта кетейік, қазіргі уақытта ШОБ субъектілерін жеңілдікпен қаржыландырудың жаңа бағдарламасы әзірленіп жатыр.