Бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы әзірленуде - Апталық шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан бүгінде әлемнің барлық елдерімен саяси әрі экономикалық байланыстарды нығайтып, күллі саладағы қарым-қатынасын жоғары деңгейге көтеріп отыр. Мәселен, тарихи тамыры ортақ, даму жолдары ұқсас келетін Мажарстан бүгінде Қазақстан үшін Еуропадағы маңызды тірек саналатын елге айналды. Осы аптада аталған елдің Үкімет басшысы Виктор Орбан бастаған мажарлық делегаттар елімізге сапарлап, қазақстандық билік, бизнес өкілдерімен бизнес форум да өткізген болатын.
None
None

Алдымен Ақордаға атбасын тіреген Мажарстан Премьер-Министрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болды. Кезедсу барысында Қазақстан Көшбасшысы екі ел ынтымақтастығы дамуының үдемелі қарқынына назар аударды. «Бұл біздің бірінші кездесуіміз емес. Бұл байланыстар біздің сауда-экономикалық қарым-қатынастарды нығайтуға ықыласты екенімізді көрсетеді. Біз Венгрияның Еуропа одағы елдері арасынан алғашқылардың бірі болып Қазақстанмен стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойғанын жоғары бағалаймыз. Сіздің сапарыңыз нәтижелі болуы, ынтымақтастығымыздың нақты бағыттары бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілуі үшін біз қажетті күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз», - деді Мемлекет басшысы.

В.Орбан өз кезегінде Қазақстан Президентіне елге шақыру үшін ризашылық білдіріп, венгр халқының сәлемін жеткізді. «Әлемдегі күрделі ахуал жағдайында біз Сіздің бұдан арғы ынтымақтастығымыздың перспективалары жөніндегі пікіріңізді білуге мүдделіміз. Қазақстан Еуропалық одақта оның біздің ел сияқты сенімді досының бар екеніне сенуіне болады. Будапеште біз Астана көшесін ашқанымызды жеткізгім келеді. Біз саяси және мәдени байланыстарымыз тиісті деңгейде деп санаймыз, оның ар жағында Сіздің қолдауыңыздың тұрғанын да сезініп отырмыз, - деді Венгрия Премьер-Министрі.

Дәл осы сәтте елорда төріндегі «Риксос» қонақ үйінде екі елдің 300-ге тарта кәсіпкерлерінің қатысуымен бизнес форум өтіп жатқан болатын. Алқалы жиында Қазақстан-Мажарстан арасындағы сауда-саттық соңғы 5-10 жылда 200 млн. долларға жеткенiмен, оның деңгейi әлi де төмен болып отырғандығы айтылды. «Мажарстан үшiн Қазақстан - Азияда ең басты әрiптес. Бұл - арадағы әрiптестiктiң әлеуетi әлi жоғары деген сөз. Орталық Еуропа елдерi Еуропа экономикасының қозғаушы күшi ретiнде бағалануда, ал Қазақстан аймақтағы көшбасшы ел ретiнде белгiлi, сондықтан өсiмнiң әлеуетi баршылық», - дедi жиын барысында Мажарстанның сыртқы экономикалық және сыртқы істер министрі Петер Сийярто.

Форум барысында екі елдің арасында экономикалық байланыстарды нығайтып, әлеуетін арттыру мәселелері жан-жақты қозғалды. Сонымен қатар Қазақстан-Мажарстан бiрлескен қаржылық қор құрылатындығы одан тараптар 20 млн. доллардан құятындығы белглі болды. Бұдан бөлек, Мажарстандағы Эксимбанкте инвестиция құюға дайын компаниялар үшiн несие бағытын ашылатындығы, бұл несие бағыты бойынша Қазақстан мен Мажарстан кәсiпкерлерi 50 млн. долларға дейiн несие ала алатындығы айтылды. Форум түс ауа екі елдің Премьер-Министрлері Кәрім Мәсімов пен Виктор Орбанның қатысуымен жалғасты. Дегенмен, оған дейін екі елдің Үкімет басшылары кездесіп, келіссөздер жүргізді. Оның нәтижесінде ауыл шаруашылығы, мұнай, ядролық өнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастық бойынша келісімге қол жеткізілді. Сондай-ақ, тараптар Астана мен Будапешт арасында тікелей әуе қатынасын ашу және Мажарстанда оқитын қазақстандық студенттер санын арттыру жайында уағдаласты.

Келіссөздер қорытындысына орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында К.Мәсімов мажарстандық әріптесіне Қазақстанға келгені үшін алғыс білдіріп, «бүгінгі келіссөздер әдеттегі сыртқы саяси диалог шеңберінен асқанын» атап өтті. «Біздің елдерімізге көмектесетін жанасу нүктелері көп: Мажарстан Еуропада орналасқан және ЕО мүшесі болып табылады, ал Қазақстан Азияда орналасқан, ЕАЭО мүшесі және Қытаймен көршілес. Бұл біздің елдерімізге стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастықты ұйымдастыруда көмек болуы мүмкін», - деді ҚР Премьер-Министрі. Өз кезегінде Мажарстан Үкіметінің басшысы Қазақстан - әлемнің ең жылдам дамушы мемлекеттерінің бірі екенін атап өтті. «Соңғы 20 жылда мұнда зор ілгерілеу орын алды. Сондықтан, біз Қазақстанмен терең ынтымақтастықты дамытудың мақсаттылығына сенімдіміз», - деді В.Орбан.

Ал Қазақстан-Мажарстан бизнес форумының жабылу рәсіміне қатысқан ҚР Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов соңғы жылдары әлемдік қоғамдастықтың назары Орта Азия елдеріне, оның ішінде Қазақстанға ерекше ауып отырғандығын баса айта келе: «Қазақстан Республикасы мен Мажарстан арасындағы ынтымақтастық жоғары деңгейге көтерілді. Ал бүгінгі бизнес форум екі елдің бизнес қоғамдастығы арасындағы өзара мүдделестікті білдіреді. Қазіргі уақытта ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру үшін жақсы жағдай қалыптасып отырғанына сенімдімін», - деді. Өз кезегінде Мажарстан Премьер-Министрi Виктор Орбан Еуропалық Одақ пен Еуразиялық экономикалық одақтың арасында ешқандай қайшылық жоқ деп есептейтіндігін білдірді. «Бiз Еуропалық Одақ пен Еуразиялық экономикалық одақтың арасында ешқандай қайшылықтарды көрiп тұрғанымыз жоқ. Бiз аталмыш одақтар арасында тығыз қарым-қатынас болғанын қалаймыз. Бiз Мажарстан мен Қазақстанды Лиссабоннан Владивостокқа дейiн созылатын бiр одақтың аясында байланыстыруды құп көремiз», - деді ол.

Форум нәтижесінде екі елдің арасында бірқатар құжаттарға қол қойылды.

Әлеуметтік әлеует - Астана айбары

Осы аптада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев елорда әкімдігінде өткен «Әлеуметтік әлеует - Астана айбары» атты кеңеске қатысып, әкімдік алдында бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. «Халықтың көші-қонын, жаңа нысандар құрылысын, «ЭКСПО»-ны ұйымдастыру мен өткізуді, «Универсиада-2017» шарасын ескере отырып, қала әкімдігі Білім және ғылым, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктерімен бірлесе кадрларды даярлау мен біліктілігін арттырудың жоспарын әзірлеуі қажет. Сонымен қатар Ішкі істер, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктерімен бірігіп, елордаға келетіндер үшін есепке алу, жұмыспен қамту тәртібін даярлауы керек»,- деді Б.Сапарбаев.

Вице-премьер қаланың денсаулық сақтау ведомствосына Астана әкімдігімен бірлесе «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасын насихаттау мен жүзеге асыруды жалғастыруды, спорттық және мәдени нысандардың қызметтерімен барша халықты кеңінен қамтып, қолжетімділікті қамтамасыз етуді тапсырды.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін тек биылға 700 млрд. теңгеге тарта қаржы қарастырылған. Оның ішінде Астана қаласы бойынша 21 млрд. теңге игеріледі», - деп тоқталды ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

Мұнан бөлек әлемдегі экономикалық дағдарысқа қарамастан, Қазақстанда әлеуметтік саладағы шығыстар қысқармағанына тоқталған ол: «Тек биылға әлеуметтік салаға 4 трлн. теңгеге жуық қаржы қарастырылды. Астанада республикалық бюджет есебінен әлеуметтік маңыздағы 17 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2020 жылға қарай мектепке дейінгі ұйымдармен жүз пайызға қамтамасыз ету қажет», - деді.

Б.Сапарбаев Астана тұрғындарына қолайлы әлеуметтік жағдай қалыптастырудың маңыздылығын да атап өтті. «Астана - бизнесті дамытудың локомотиві. Мұнда жоғары технологиялы өндірістер орналасқан. Ірі шетелдік бизнесмендер мен бизнес құрылымдардың қатысуымен түрлі бизнес-форумдар тұрақты түрде өткізіледі. Бүгінде елорданың мәдени, қоғамдық және саяси өміріне қатысуға әрбір қазақстандықтың мүмкіндігі бар. Ол үшін біз елорда тұрғындарына, әсіресе, әлеуметтік салада қолайлы жағдай қалыптастыруға тиіспіз. Астаналықтар үшін «Әлеуметтік әлеует - Астана айбары» деген ұран басты орынға шығуы тиіс», - деді ол.

Бизнесті қолдау жандандырылады

31 наурыз күні ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Үкіметтің селекторлық отырысын өткізіп, онда Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру барысы қаралды. Атап айтқанда, Үкімет мүшелері «Бизнестің жол картасы - 2020» Бизнесті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасының жобасын талқылады. Отырыста негізгі баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, бірыңғай бағдарлама жобасы «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының негізінде әзірленген. Бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасымен жандандырылғаны да маңызды болып табылады. Бағдарламаны жүзеге асыру 4 бағыт бойынша іске асырылады. Бұл - бизнес бастамаларды қолдау, бизнесті салалық қолдау, валюталық қауіп-қатерлерді төмендету және «бір терезе» қағидасы бойынша қаржылық емес шараларды шоғырландыру. «Бірыңғай бағдарлама жобасы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және үйлестірілген өсімін қамтамасыз етуге, сондай-ақ жұмыс орындарына қолдау көрсету және жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруға бағытталған. Оны жүзеге асыру өңірлік кәсіпкерліктің құрылымдарын әртараптандыруға жаңа серпін беруге, қаржылай емес қолдау шараларын жетілдіруге мүмкіндік береді», - деп түйіндеді Е.Досаев.

Сонымен бірге, отырыста АӨК-ді қаржылай сауықтыру, тұрғын үй құрылысы мәселелері қаралып, сондай-ақ Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығын ұзақ мерзімді перспективада дамыту бойынша іс-шаралар жоспары талқыланды. Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-Министр сәйкес мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді.

Соңғы жаңалықтар