«Бизнестің жол картасы - 2010» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері бойынша қабылдаудың бірыңғай күні» акциясы өтеді

Бұл туралы бүгін аталған партияның Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары Мұхтар Еркетаев мәлім етті.
БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихаты барысында ол бүгінгі таңда кәсіпкерлердің аталған бағдарлама төңірегінде, нақтылай айтқанда шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсетудің түрлері мен тәртіптері туралы өте аз ақпаратпен қамтылғандығын атап өтті.
«Бұл «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының бастапқыдан айырмашылығы бар. Онда өткен жолғыдай салынбай қалған балалар бақшасы, мектептер сияқты «жыртықты жамап, тесікті бітеу» үшін өткізгелі отырған жоқ. Өндірісті дамыту, шағын және орта бизнесті көтеру және жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында өткізіледі. Әрі бұл үшін Қазақстан бойынша ауқымды қаржы бөлінеді», деді партия өкілі.
Сонымен шілденің 15-16-сы күндері елордалық кәсіпкерлер аталған бағдарламаға қатысты өз сауалдарына жауап алуға мүмкіндікке ие болып отыр. Осы күндері «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы шағын және орта бизнес өкілдеріне «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін қаланың мемлекеттік органдарымен, даму институттарымен, екінші деңгейлі банктердің өңірлік филиалдарымен сұхбат алаңын ұсынады.