«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында БҚО-да 190 жоба мақұлданды

Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім бастығы Галина Варфоломеева «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы ұйымдастырған «Мемлекеттік - жеке меншік әріптестігінің жаңа үлгісі: қуатты бизнес - қуатты мемлекет» атты жиында мәлім етті. Аталмыш бағдарлама аясында өндіріске жаңа заманауи технологиялар енгізіліп, өңірімізде тауардың жаңа түрлері өндіріле бастады. Мемлекеттік қолдау тек ірі бизнеске ғана емес, сонымен қатар ауыл кәсіпкерлеріне де көрсетілуде.
Сондай-ақ «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық бөлімшесінің директоры Әлия Сәлиева кәсіпкерлікті қолдау ісінің мемлекет тарапынан іс жүзінде жүргізіліп жатқанын айтып, бұған нақты мысалдар келтірді. Мысалы, былтыр өңірге тиімді жоба ұсынған 15 батысқазақстандық мемлекет грантын жеңіп алған. Олардың әрқайсысы мемлекет тарапынан 3 миллион теңге көлемінде қаржы алып, өз кәсібін бастауға мүмкіндік алды. Аталған қаржыны былтыр жыл соңында алған 9 кәсіпкер бүгінде өз жобалары бойынша жұмыстануда. Қалған 6 жобаның авторлары қолдарына ұтып алған қаржылары тиісімен, өз жұмыстарын бастауға дайын отыр. Әлия Өтемісқызының сөзінше, кәсіпкерлікті қолдаудың бұдан басқа да амалдары қарастырылуда. Банктердің үлкен мөлшердегі қаржыны кепілдіксіз ешкімге де бермейтіні белгілі. Ал жаңадан өз ісін бастауға ұмтылған адамда кепілзаттың болмайтыны түсінікті жағдай. Осыны ескерген ел Үкіметі осындай түйінді мәселелерді шешу жолын қарастыруда. Нәтижесінде биылдан бастап «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында жұмысын жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлерге қаржы агенті ретінде оның тәуекелінің 70 пайызына кепілдік беретін болды. Ол үшін, біріншіден, кәсіпкердің жұмысын бастағанына 1 жылдан аспауы керек. Екіншіден, оның жобасының құны 20 миллион теңгеден аспауы қажет және ол өңірге тиімді болуы тиіс. Бұған қоса кәсіпкер мекеме жанындағы «Бизнес-Кеңестің» мүшесі болуы қажет, яғни, ол аталмыш мекеме жанындағы екі күндік семинардан өтуі керек. Содан кейін ғана ««Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық бөлімшесі тиімді жоба авторына көмектесуге мүмкіндік алады. Бұл жөнінде нақты кеңес алғысы келгендер аталмыш мекемеге барып, қажетті мәліметтерді алуына болады. Бұл бағыттағы жұмысты ««Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-мен бірігіп жүргізуге әзірге тек «Центр Кредит банкі» АҚ ғана келісім беріп отыр. Бір айта кететін жәйт, кепілзаты жоқ кәсіпкерлер несие алу үшін аталмыш банкке депозит ретінде қажетті қаржының 36 пайызын салуы тиіс.
Жиын барысында кәсіпкерлік саланың басқа да мамандары сөйлеп, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған ұсыныстары мен ой-пікірлерін жеткізді.