«Бизнестің жол картасы» өзгерістерге ұшырайды - апталық шолу

АСТАНА. 15 наурыз. ҚазАқпарат - Осы өтіп бара жатқан аптада Үкіметтің назары негізінен еліміздегі кәсіпкерлік ахуалды жақсартуға бағытталды.
None
None

Бұл тұрғыда саладағы оңтайлы көрсеткіштермен қатар, кемшін тұстары да зерделеніп, талқыға салынды. Атап айтқанда, аптаның басында өткен Үкімет отырысында аталған тақырып бойынша Министрлер кабинеті жаңадан құрылған Өңірлік даму министрлігінің баяндамасын зейін қойып, тыңдады.

Мәселен, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев жекелеген меморгандар бизнесті тексеру бойынша өз құқықтарын сақтап қалу үшін барынша тырысып бағуда екенін жайып салды. Оның пайымдауынша, шағын және орта бизнес субъектілерін тексеру жыл сайын 30 пайызға қысқарып отырғанына қарамастан, кейбір мемлекеттік органдар аталған тексерулерді заңды түрде қайтарып алуға құлшыныс танытуда. «Олар осы орайда заңға тиісті түзетулер енгізу бойынша бастама көтеруде. Мұндай әрекеттер болды және біз олардың жолын кесу бойынша жұмыстарды жалғастырудамыз», - деп нақтылап өтті Үкімет басшысының бірінші орынбасары. Белгілі болғанындай, бүгінде 800-ге жуық рұқсатнамалық құжат бар. Жыл басынан бері ведомствоаралық комиссия 250-ге тарта рұқсатнамаларды қарастырып шықты. Оның ішінде 20-сына қарсылық білдіру бойынша ұсыныстар түсті. Ал, қалған 230-ы бойынша қарсылық болған жоқ. Яғни, сарапшылық топ бұл рұқсатнамаларды алып тастау бойынша өздерінің пікірлерін дәлелдей алды. Аталған 20 рұқсатнама тұрғысында өздерінің өкілеттілігін бермеу үшін негізсіз ұсыныстар жасалып отыр. Кейбір мемлекеттік органдар осы тұрғыда барынша қарсылық танытып отырғанға ұқсайды.

Орынбасарының осы уәжін тыңдағаннан кейін Премьер-Министр Серік Ахметов қадағалаушы меморгандардың шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруінің заңдылығын зерделеуді тапсырды. «Мен Өңірлік даму министрлігіне «Атамекен» Одағы» ұлттық экономикалық палатасымен келісе отырып, 2012 жылдың және І тоқсанның қорытындысын сараптауды тапсырамын. Атап айтқанда, біз барша қадағалаушы және құзырлы органдардың, оның ішінде құқық қорғау органдары тарапынан шағын және орта бизнес субъектілерін тексерудің жүйелілігі мен заңдылығы мәселесін қарастырып шығайық», - деді Премьер-Министр.

«Атамекен» Одағының басшысы Абылай Мырзахметовтің пайымынша, қадағалаушы мемлекеттік органдар «кезекші шағымданушылармен» ынтымақтасып, жұмыс істеп жатыр. Мәселен, жалғыз бір адамның Алматыдағы көліктік прокуратураға бір күннің ішінде бір мезгілде сегіз компанияға шағым түсірген екен. «Яғни, «кезекші шағымданушылар» бар екенін айқындауға болады»,-деді А. Мырзахметов. Сөйтсе, осы тектес шағымдардың негізінде жоспардан тыс тексерулер жүргізуге жол ашылатын көрінеді. Белгілі болғандай, енді өкілетті ведомствоаралық комиссия жақын арада бұл мәселені қарастыруға білек сыбана кірісуді ұйғарып отыр.

Бұдан бөлек, Үкімет отырысында еліміздің барлық өңірінде кәсіпкерлікті қолдау орталықтарының желісі құрылатыны мәлім болды. ҚР Өңірлік даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, олар негізгі қызметінен бөлек оқыту, кеңес беру және ақпараттық орталықтардың рөлін атқаратын болады. Биылғы жылы мұндай орталықтарды барлық облыс орталықтарында, 3 моноқалада және Семейде ашу көзделіп отыр. Ағымдағы жылдың 1 мамырына қарай мобильдік орталықтарды барша өңірлерде іске қосу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, вице-министр биыл бизнес үшін барша рұқсат берулердің бірыңғай тізімі енгізілетінін сөз етті. Сонымен қатар типтік рұқсатнамалық процедуралар бекітіледі. «Атап айтқанда, тиісті заң жобасы енгізілетін болады. Ол қазіргі кезде ведомствоаралық комиссия аясында белсенді түрде қарастырылуда», - деді вице-министр. Бұл заңды құжат рұқсатнамалардың көлемін реттеудің тікелей тетігі болмақ және ол аталған рұқсаттардың өсімін тежеуге ықпал етеді. Бұған қоса, осы жұмыстың аясында 2 жылдың ішінде барлық рұқсатнамаларды беру шаралары автоматтандырылады екен.

Отырыста белгілі болғандай, ҚР Өңірлік даму министрлігі «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасына өзгертулер енгізуді жоспарлауда. Бағдарлама аясында несиенің минималды сомасы бойынша жоғары шекті үш есе, нақты айтқанда, 4,5 млрд.-тан 1,5 млрд. теңгеге дейін төмендету көзделеді. Бұл жобалар санының артуына алып келеді. Аталған қаражатты бақылаудың көпсатылы механизмі қолданылатын болады. Сонымен қатар жоба құны бойынша кепілдіктің ең жоғары шегін 9 есеге төмендету жоспарлануда. Осылайша шағын және орта бизнес жобаларын кепілдендіру тетіктерін ауқымды түрде іске қосуға мүмкін болмақ. Сондай-ақ бағдарламаға кәсіпкерлікті енді бастаған әйелдерге, жас кәсіпкерлерге, мүгедектерге қолдау көрсетудің жаңа түрлерін енгізу жоспарлануда. Қ.Өскенбаевтың нақтылай түсуінше, жаңа тетіктер халықаралық тәжірибе мен ел өңірлеріндегі шағын және орта бизнес қажеттіліктеріне сараптама жасау негізінде әзірленген.

Осыдан кейін Серік Ахметов Өңірлік даму министрлігіне Үкіметке ағымдағы жылдың 1 мамырына дейін «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасын оңтайландыру бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.

«Тиісті мүдделі органдармен, ұйымдармен, «Даму» қорымен, «Атамекен» Одағымен бірлесе отырып, 1 мамырға дейін «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасын оңтайландыру бойынша Үкіметке ұсыныс енгізу керек», - деді Премьер-Министр. Бұдан бөлек, С. Ахметов кәсіпкерлікке қызмет көрсету бойынша орталықтардың еліміздің барлық өңірінде ашылуын қамтамасыз етуді жүктеді.

Үкімет басшысы Алматыда кәсіпкерлермен кездесті

Осы аптада Премьер-Министр жұмыс сапарымен Алматыда болды. Сапар бағдарламасында - «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорында кездесу, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын аралап көру және Алматы әкімдігінде мегаполисті дамыту мәселелеріне арналған кеңеске қатысу ескерілді. «Елбасының тапсырмасы бойынша Алматыға келіп, қаланың тіршілігімен танысып, бірқатар нысандарды аралап отырмыз. Енді бизнес өкілдерінің ұсыныстарын талқылап, хаттама қабылдаймыз», - деді Үкімет басшысы.

Серік Нығметұлының сөзіне қарағанда, Қазақстандағы кәсіпкерлердің салықтық жүктемесі Кеден одағында, ТМД елдерінде ең төмені болып отыр. Онда кәсіпкерлердің тасымалдау қызметіне қатысты сауалына жауап берген Премьер-Министр мемлекет өнімнің өзіндік құнын төмендету мақсатында отандық өндірушілерге қолдау көрсетіп жатқанын айтты. Оның айтуынша, алайда тасымалдау қызметіндегі алымдар оның құнын қайта өсіруге түрткі болып отырғанын айтты. Сондай-ақ Көлік және коммуникация министрлігіне бұл ахуалды реттеу үшін ертең Астанада арнайы мәжіліс өткізуге тапсырма берді. Ал дәрі-дәрмек тендері бойынша сауалға Денсаулық сақтау министрлігіне бұл жүйені реформалау туралы тапсырма бергенін, енді оның Үкіметте қаралатынын жеткізді.

Үкімет басшысының пайымынша, Алматының әлеуметтік-экономикалық даму келешегін айқындауда бұған дейін қабылданған шешімдердің орындалу барысына талдау қажет. «Алматыда көптеген жұмыстар атқарылып жатыр, дегенмен шешуді қажет ететін мәселелер де бар. Бізге бұл шаһардың келешектегі экономикалық өсу қорын анықтаудың маңызы өте зор. Стратегиялық тұрғыдағы бірлескен шешімдер қабылдауымыз керек», - деді С.Ахметов. Алматы қаласы үшін қазіргі таңда экология бірінші мәселе екенін айтып, атқарушы органдарға нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ 2017 жылғы қысқы Универсиада ойындары нысандарының құрылысы, Көкжайлау тау шаңғысы курорты, жеңіл рельсті көлікті дамыту, Алатау ауданындағы индустрияландыру аймағы мен кәсіпорындарға энергия үнемдеу бойынша аудит жүргізу мәселелері бойынша Үкімет мүшелерінің есебін тыңдап, олардың жұмысына қатысты сын-ескертулер жасады.

Соңғы жаңалықтар