Бизнестің банктен алған несиесінің 9 пайызы субсидияланады

АСТАНА. KAZINFORM — Микро және шағын бизнестің банктік несиесінің шамамен 9 пайызы субсидияланады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

Бизнестің банктік несиесінің шамамен 9 пайызы субсидияланады
Фото: Kazinform

— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салықтық әкімшілендіру «Таза парақтан» жүргізіледі. Бұл шаралар барлық микро және шағын бизнес субъектілеріне оң әсерін тигізеді. Нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды және ақпараттық жүйелердің дайындығын қамтамасыз ете отырып, бүкіл ұйымдастыру шараларын жедел түрде жүргізуді тапсырамын, — деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасының мақсаты негізінен моно, шағын қалалардағы және ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерді қолдау екенін айтты.

— Шағын бизнеске айналым қаражатын толықтырып, борыш жүктемесін азайту мүмкіндігі беріледі. Біз банктік несие бойынша номиналды мөлшерлеменің шамамен 9 пайызын субсидиялайтын боламыз. Қорыта айтқанда, бірыңғай бағдарламаның жаңалықтары мен ережелерін бизнес субъектілеріне қарапайым тілмен түсіндіріп, тиісті әдістемелік ұсынымдарды шығару керек. Оларды бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік медиада кеңінен таратқан жөн, — деді Үкімет басшысы.

Айта кетейік, Үкімет «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасын бекітті.

Соңғы жаңалықтар