БҚДА: Сәйкестікті бағалау саласындағы акредиттеу бағалары екі есе төмендетілді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Осы жылдың тамыз айының соңында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу бойынша қызметтерге мемлекеттік монополия субъектісінің баға жобасы келіп түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бастапқыда бұл қызметті жүзеге асыру үшін Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің «Ұлттық аккредиттеу орталығы» ШЖҚ РМК-да 35 АЕК (102 095 теңге) мөлшерінде баға ұсынды.
Мемлекеттік монополия енгізілгенге дейін бұл қызметтің бағасы 1 адам-күні 25 АЕК-ті құрады.
Агенттік пікірінше, жүргізілген сараптама қорытындысына сәйкес 17,6 АЕК (51 619 теңге) көлеміндегі сома негізделген баға болып табылады, бұл бастапқы ұсынылған бағадан 48,6% - ға төмен.
Сонымен қатар, болашақта бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында Агенттік бағаларды айлық есептік көрсеткішке байланыстырмай, атап айтқанда 1 адам-күні үшін 51 619 теңгені белгілеуді ұсынды.
Техникалық реттеу туралы заңнамаға сәйкес Ұлттық аккредиттеу орталығы көрсететін қызметтерге баға белгілеу туралы соңғы шешімді уәкілетті орган – Сауда және интеграция министрлігі қабылдайды.
Атап өту керек, мемлекеттік монополия субъектілерінің бағаларына сараптама жасау монополияға қарсы орган қызметі бағыттарының бірі болып табылады және монополиялық құрылымдардың тауар нарықтарына теріс әсерін нивелирлеу мақсатында жүзеге асырылады.