БҚО: 47 зейнеткерді алдаған алаяқтардан жәбірленушілердің пайдасына 5 млн. астам теңге өндірілді
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, М.Киреев түзеу мекемесінде жазасын өтеу кезінде бостандықта жүрген А.Гафинмен бірлесіп, алаяқтық әрекеттерін жасаған. Киреев түзеу мекемесінен ұялы телефон арқылы жәбірленушілердің үй телефондарына хабарласып, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, олардың жақын туыстарының (балалары, ағасы) қылмыс жасағаны үшін ұсталғаны туралы жалған хабарлаған. Сосын қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін белгілі бір көлемдегі қаржыны беруін талап еткен. Жәбірленушілер А.Гафинге белгіленген орындарда ақшаларды беріп отырған. Осы қылмыстық іс бойынша 47 зейнеткер жәбірленуші деп танылды.
М.Киреев ҚР ҚК-нің 177-бабы 3-бөлігі «б» тармағымен айыпты деп танылып, ҚР ҚК 58-бабы 6-бөлігі, 60-бабы қолданылып, мүлкін тәркілеумен бірге 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қатаң тәртіптегі түзеу колониясында өтеуге сотталды.
А.Гафин ҚР ҚК-нің 177-бабы 3-бөлігі «б» тармағымен айыпты деп танылып, оған ҚР ҚК-нің 60-бабы қолданыла отырып, мүлкін тәркілеумен бірге бес жылға бас бостандығын айыру жазасын жалпы тәртіптегі түзеу колониясында өтеуге сотталды.
Екеуінің де қылмысы қауіпті деп танылды.
Сот жәбірленушілердің пайдасына сотталушылардан 5 млн. астам теңге өндірді.