БҚО әкімі алыс аудандағы құрылыс барысымен танысты

Аудан орталығы Сайқын ауылында жас мамандарға арналған алты тұрғын үй құрылысына облыстық бюджеттен 40,2 млн. теңге бөлінген. Оны «Символ» ЖШС (басшысы Есқайыр Елемесов) тұрғызуда. Аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың сөзіне қарағанда, жыл соңына дейін тағы он үйдің іргесі қаланбақ. Оған қоса жеке кәсіпкер Бибігүл Жұмағұлова өз қаражатына он отбасына арналған екі үй салуда. Кейін бұл үйлерді аудан əкімдігі меншігіне алып, əлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға жалға бермекші.
Өңір басшысы индустрияландыру картасы аясында «Санди» ЖШС басшысы Бибігүл Жұмағұлова ашқан сүт өнімдері цехында (жоба құны 20 млн. теңге) болды. Мұнда цех толық қуатында жұмыс жасауы үшін шикізат жетіспей жатқаны айтылды. Әзірге күніне 200 литрге жуық сүт өңделуде. Әкім «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасына сәйкес іске қосылған кәсіпкер Қуаныш Шәріпқалиевтің керамзит блок тас дайындайтын цех жұмысымен де танысты. Өткен жылы 12 мың дана керамзит блок тас шығарған цех материалдары биыл да жақсы өтуде.
Облыс басшысы аудан кәсіпкерлерімен, еңбек ардагерлерімен және жастармен кездесіп, ауыл-аймақтың мұң-мұқтаждарына құлақ түрді. Мысалы, ресейлік пойыздардың Сайқын стансасына аялдамайтыны көптен айтылып келеді. Сол секілді Жамбыл, Көктерек, Бөрлі ауылдарына су құбырын тартуға 770 млн. теңге, 11 елді мекенге табиғи газ жеткізуге 2,1 млрд. астам теңге қажет. Алтай Көлгінов бұл мәселелерді қаржылық мүмкіндіктерге қарай шешу қарастырылатынын жеткізді.
Облыс әкімі Жәнібек ауданында болып, Күйгенкөл ауылында тұрғындармен кездесті. Республикалық маңызы бар Жәнібек-Қазталов күре жолын күрделі жөндеу барысына қанықты. Мұнда 2014 жылдан бері 20 км бөлікке қатқыл табанды жол төселуде. Мердігер ұйым «РСУ-1» ЖШС техникалық директоры Ерұлан Жолдыбаевтың сөзіне қарағанда, биыл 11,5 шақырымға асфальт төселмек. Жалпы, жол құрылысына 2 млрд. 680 мың теңге қаралса, биыл 799 млн. теңгенің жұмыстары атқарылмақ. Күрделі жөндеу алдағы жылы да жалғасатын болады.
Алтай Көлгінов сондай-ақ Қазталов ауданындағы Тереңкөл ауылдық округінде болып, округ орталығы Нұрсай ауылындағы құрылыс нысандарын аралады. Биыл Нұрсайға «Ақбұлақ» бағдарламасына сәйкес жалпы құны 246,467 млн. теңгеге ауыз су құбыры тартыла бастады. Күні бүгін 61,617 млн. теңгенің құрылыс жұмыстарын «Құрылыс газ» ЖШС атқаруда. Оған қоса отыз жылдан бері күрделі жөнделмеген орта мектепке 162,636 млн. теңге бөлінген. Бұл нысанның мердігері - «Батысстрой» ЖШС.
Өңір басшысы сапары барысында барлық құрылыс жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде бітіруді тапсырды.