БҚО әкімі бастаған делегация Татарстанда болды

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, делегация құрамында 44 адам болды. Олардың ішінде басқарма басшылары, Ресеймен шекаралас аудандар әкімдері, зиялы қауым өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, Қазақстан халқы БҚО ассамблеясының мүшелері, кәсіпкерлер, зауыттар басшылары бар.
Бұл Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сыртқы салиқалы саясатының арқасында жүзеге асып отырған, «Қазақстан - 2050» Стратегиясынан туындайтын тапсырмалар мен міндеттерді орындауға бағытталған шара.
Батысқазақстандық делегацияны Татарстан Президенті Рустам Минниханов қабылдап, тілі бір, діні бір, тарихи түбі бір түркі халықтарының арасындағы қарым-қатынастың бұдан кейін де дами беретінін атап көрсетті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты әлемдік деңгейдегі тұлға ретінде танитынан айтқан ол: «Қазақстаннан үлгі алар тұстарымыз көп», деді. Сонымен қатар қазақстандықтарға ыстық ықыласын танытып, Наурыз мейрамымен құттықтауын жеткізуді өтінді.
Қазан қаласының мыңжылдық тарихы бар көне шаһар екені мәлім. Оның бүкіл түркі әлемінде алар орны өте зор. Соның ішінде алғашқы қазақ оқығандарының біразы осында білім алды. Басқасын айтпағанда, қазақтың батырлар жыры, эпостық дүниелер тұңғыш рет ағайынды Кәрімовтердің баспаханасынан басылып шықты.
Бөкей ордасының ханы Жәңгір 1826 жылы Қазанда болып, сондағы университетпен тығыз байланыс орнатты. Ғалымдарға тапсырыс беріп, өз қаржысына заң тақырыбына арнайы алты құнды кітап жаздырып, оны университетке тарту еткен хан еңбегін татар ағайындар әлі күнге ұмытпаған. Аталмыш университетте Жәңгір ханға арналған ескерткіш тақтаның ашылуы да сол құрметтің бір көрінісіндей болды.
Бұдан кейін татарстандық және батысқазақстандық кәсіпкерлердің қатысуымен форум өткізіліп, онда Қазақстан «Атамекен» одағы ұлттық-экономикалық палатасы мен Татарстан сауда-экономикалық палатасы және батысқазақстандық «Оралагрореммаш» АҚ мен «КамАЗ» ААҚ арасында меморандумдарға қол қойылды.
Батысқазақстандықтарға «Алабұға» ерекше экономикалық аймағы айрықша әсер қалдырды. Ресейде осындай 17 аймақ болса, соның ішінде «Алабұға» алдыңғы қатарда. Набережные Челны қаласында да жақсы дамыған өнеркәсіп орындары баршылық. Делегацияның бір тобы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін орындарды аралап көрді. Әсіресе, сүт өндіру мәселесі батысқазақстандықтардың назарын аударды.
Сапар қорытындысы бойынша Татарстан мен Батыс Қазақстан облысы арасындағы байланысты бекіте түсу үшін нақты шаралар алынатын болады. Бұл - көршілес Ресей аймақтарымен қарым-қатынасты нығайтудың заңды жалғасы. Өткен жылы облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бастаған делегация БҚО-мен шектесетін Ресейдің бес бірдей губерниясында болып, өзара тиімді байланысты жолға қоюдың шараларын белгілеген еді.