БҚО әкімі дипломат В.Ғиззатовты қабылдады

Облыс басшысы В.Ғиззатовтың 70 жылдық мерейтойына орай құрмет көрсетті. Кездесуде әкім мейманды облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуымен, алдағы жоспарларымен таныстырды.
-Өзім Ақ Жайық өңірі, соның ішінде Қаратөбе ауданының тумасымын. Сол себепті облыс жағдайына, жаңалықтарға құлақ түріп жүремін. Мұхит, Ғарифолла, Ескендір секілді дарындар шыққан қасиетті жерде дүниеге келуім мен үшін үлкен мақтаныш. Жыл сайын туған жерге келіп тәу етіп тұрамын,-деді Вячеслав Ғиззатов.
Бұл кісінің азан шақырып қойған аты Меңжан екен. Ол дүниеге келген кезде әкесі Қамен майдан даласында жүрген. Үйіне жазған бір хатында «егер балам дүниеге келсе, майдандас жолдасымның құрметіне атын Вячеслав қоярсыңдар» депті. Соған орай баланың құжатына Вячеслав деп жазылыпты.
Вячеслав Қаменұлы КСРО-ның сыртқы барлау қызметінде, Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеді. Еліміз тәуелсіздік алған соң, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары, Иран, Алмания, Түркіменстанда төтенше және өкілетті елші қызметтерін абыроймен атқарды. Сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінде еліміздің тұрақты өкілі болды. Мемлекеттік шекараларды бекіту жұмыстарында жетекшілік жасады.