БҚО әкімі еңбек ардагері М.Батықоваға құрмет көрсетті

Облыс басшысы Мағруфа Хайрошқызының өңірде басшылық қызметтерді абыроймен атқарғанын атап өтіп, оған алғысхат табыс етті.
Мағруфа Хайрошқызы 1951 жылы Орал педагогикалық институтын бітірген соң, еңбек жолын Фурманов (қазір Қазталов) ауданында мектеп мұғалімдігінен бастады. Сонан соң партия-кеңес жұмысына ауысты. 1957-1961 жылдары Фурманов аупарткомының саяси-ағарту, үгіт-насихат бөлімдерінің меңгерушісі болды. 1961-1965 жылдары Қаратөбе, Жымпиты аудандық атқару комитетінің төрайымы болып еңбек етті. Ал 1965-1986 жылдары Орал облаткомы төрағасының орынбасары болып қызмет істеді. 1963-1967 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланып, Президиум мүшесі міндетін атқарды.
Оның замандасы Жайсаң Ақбайдың айтуынша, Мағруфа өзінің іскерлік талантын Батыс Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметінде айрықша көрсете білді. Ол білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және басқа да әлеуметтік мекемелерге басшылық жасады. Әлеуметтік саланы ол облыста 21 жыл бойы қадағалады. Осы жылдары оның араласуымен облыстың білім беру, денсаулық сақтау, мәдени-ағарту мекемелерінің әлеуеті нығайды. Аудан, колхоз-совхоз орталықтарында жаңа үлгідегі мектептер, мәдениет үйлері және кинотеатрлар салынды.
М.Батықованың көп жылғы жемісті еңбегі жоғары бағаланып, бірнеше орден-медальмен марапатталған.