БҚО әкімі Қаратөбе ауданының тыныс-тіршілігімен танысты (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Сенбі күні облыс әкімі Алтай Көлгінов Қаратөбе ауданында болып, осы ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігімен танысты.
None
None

Өңір басшысы алдымен Жымпиты-Қаратөбе күре жолын орташа жөндеу барысына назар аударды. БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысы бойынша бас мердігер «Uniserv» ЖШС (басшысы Нұрғазы Сәтбаев) салып жатқан жолдың жобалық құны 2,6 млрд. теңгені құрайды. Жол сапасын «Сана Маркет» ЖШС техникалық жағынан бақыласа, басты жобалаушы - «Мега Проект» ЖШС.  Биыл аталмыш жолдың 34 шақырымына тас жол төселмекші, бұл мақсатқа 1,6 млрд. теңге бөлінген.

Бұдан кейін Алтай Көлгінов Қаратөбе ауылдық округінің Үшағаш елді мекені аумағындағы күрделі жөнделген «Қалдығайты көлтабанды суландыру жүйесі» нысаны мен Қаратөбе су қоры көзінен Үшана ауылына дейінгі 5 елді мекенді қамтитын сумен жабдықтау жүйесі нысанында болды. Құны 88,7 млн. теңгеге бағаланған, шабындық, ауыл шаруашылығы жерлерін суландыруды көздейтін жобаны бас мердігер «Құрылыс Газ» ЖШС маусым айында бастап, желтоқсанда аяқтамақшы.

Облыс басшысы жұмыс сапары барысында Үшағашта «Жайна» (басшысы Наурызбай Сағындықов), Аққозы ауылдық округінде «Сатыбалды» шаруа қожалығының (Құсайын Мұқанов) жай-күйімен танысып, еңбек адамдарымен пікірлесті. Кездесуде шаруашылықтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп отырғаны айтылды. Мысалы, «Агробизнес - 2020» бағдарламасының шапағатын көріп отырған Қ.Мұқанов 2011 жылы «Сыбағаға» сәйкес 39 млн. теңгеге 196 бас сиыр сатып алса, 2014 жылы «Құлан» бағдарламасы бойынша 48 млн. теңгеге 162 бас бие, 10 бас айғырға қол жеткізді. Оған қоса 2014 жылы қазақтың ақбас тұқымды малының 99 бас қашарын сатып алған облыстық мәслихат депутаты Құсайын Мұқанов әрісі Қытай асып, берісі Мәскеуде ауыл шаруашылығы саласының мамандарымен өзара пікір алмасып, малды асылдандыру бағытында өз тәжірибесін жүзеге асырып келеді.

Қаратөбе ауданы бүгінгі таңда «ДЕМ» сусынымен танымал. Жеке кәсіпкер Сержан Ашығалиев «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 11 млн. теңге несие алып, «ДЕМ» алкоголсыз сусын өндіру цехының жұмысын жолға қойды. Қазіргі кезде «ДЕМ» сусынын Орал ғана емес, Атырау, Ақтөбе облыстарының аудандарынан да көруге болады. «Біз қалада тұрсақ та, Қаратөбенің көпке танымал таза суын ішіп отырмыз. Осындай сусынның жоғары сұранысты иеленуі облыс үшін де мерей», деді Алтай Көлгінов.

Облыс басшысы кәсіпкерлермен, жас спортшылармен, ардагерлермен жүздесіп, емін-еркін әңгімелесті. Ыстық бөлке, тәтті тоқаштарымен жергілікті жұртшылыққа танымал бола бастаған «Елдос» наубайханасы да назардан тыс қалған жоқ.

«Қаратөбе - өңірдегі алдыңғы қатардағы аудандардың бірі. Орал қаласы мен аудан орталығы арасында қатқыл табанды жол тартылған. Аудан «көгілдір отынмен», ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Елбасы тапсырмаларын барлық жерде орындай білсек, еліміздің бірлігі артып, болашағы жарқын болатыны анық», деді сапар соңында Алтай Көлгінов. 

null null null null 

Соңғы жаңалықтар