БҚО әкімі «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы болып сайланды (ФОТО)

Жиынға қатысқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің кандидатурасын партияның облыстық филиалы төрағалығына ұсынды. Конференция делегаттары бұл ұсынысты бірауыздан қолдады. Бұған дейін филиал төрағасы болған Нұрлан Ноғаевтың Атырау облысының әкімі болып тағайындалғаны белгілі.
Алтай Сейдірұлы өзіне көрсетілген сенім үшін партияластарына алғысын білдіріп, Елбасы бастаған «Нұр Отан» партиясы алдында үлкен міндеттер тұрғандығын атап өтті.
Конференцияда партияның облыстық филиалы саяси кеңесінің құрамына да өзгерістер енгізілді.
Үшінші мәселеге орай Елбасы Жолдауын және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру бағытындағы мақсат-міндеттер туралы филиал төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен баяндама жасаса, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, «Конденсат» АҚ маркетинг жөніндегі директоры, коммерциялық бөлім бастығы, Бөрлі аудандық мәслихатының депутаты Наталия Поликарпова, Ақжайық ауданындағы «Жас Отан» жастар қанатының басшысы, аудандық мәслихат депутаты Біржан Қухаев өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлаудың халықаралық байқаушылар тарапынан жоғары бағаланғандығын жеткізді. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев жеңімпаздар форумында, партия фракциясының кеңейтілген мәжілісінде сайлауға белсене қатысқан республикалық және өңірлік штабтар мүшелеріне, белсенділер мен еріктілерге алғысын білдірді. Сайлау қорытындылары жөнінен Батыс Қазақстан облысы өңірлер бойынша алдыңғы қатарда. Парламент сайлаулары кезінде Қазақстан бұған дейін мұндай биік нәтижеге жетіп көрген жоқ. Мұның бәрі - Елбасы жүргізіп отырған салиқалы саясат жемісі. Бұл тәуелсіздіктің 25 жылдығы аталып өтілетін жылда ерекше маңызды. Екіншіден, бұл партияның «Қазақстан - 2021. Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты жаңа сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруда үлкен жауапкершілік жүктейді.