БҚО әкімі орынборлықтарды мерейтойларымен құттықтады
Орынбор облысының губернаторы Юрий Бергті мейраммен құттықтаған БҚО басшысы қос өңірдің бір-бірімен әуелден мидай араласып, ғасырларға созылған достықтың тіні берік екендігін атап өтті. Орынбор сияқты Орал қаласы да Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқан, байланысқа да қолайлы. Жан-жақты қарым-қатынас жыл сайын нығайып келеді.
Қос мемлекет басшыларының күш-жігері арқасында Кедендік одақ жағдайында іскерлік байланыс жаңа деңгейге шықты. Батыс Қазақстанның Ресей Федерациясымен тауар айналымы қалыпты деңгейде. Айталық, Ресеймен сыртқы сауда айналымы биылғы он айда 590,1 млн. АҚШ долларын құрады (2013 жылы осы мерзімде - 638,7 млн. доллар). Соның ішінде экспорттық өнімдер көлемі 65,2 млн. долларға жетіп, өткен жылғыдан (50,1 млн. доллар) 30,1 пайызға өсті. Импорттық жеткізілімдер 524,9 млн. доллар (2013 жылы он айда - 588,6 млн. доллар) болды.
Қазақстандық делегация «Орынбордың алтын жастары» облыстық байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне, Орынбордың дамуына айрықша еңбек сіңірген адамдармен кездесуге, салтанатты жиналыс пен мерекелік концертке де қатысты.