БҚО әкімі Ресей елшісін қабылдады

Қазақстанның батыс қақпасы саналатын БҚО байырғы көршісі Ресей Федерациясымен жан-жақты байланысын жыл өткен сайын нығайтып келеді. Тек өткен жылы облыс делегациясы Ресейдің Астрахан, Волгоград, Орынбор, Самара және Саратов облысына сапармен барып, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастықты дамыту туралы құжаттарға қол қойған болатын. Соның нәтижесінде екі ел арасындағы тауар айналымы едәуір арта түсті.
Жылы шырайлы кездесу барысында облыс әкімі мен елші екі ел арасындағы достық және өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту барысы, соның ішінде көршілес аймақтардың экономикалық байланысын өркендетудің жаңа бағыттары жөнінде пікір алмасты.
«Мен Батыс Қазақстан облысында бұдан бұрын да бірнеше рет болғанмын. Бұл жолы да облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуының қарқынды екеніне Нұрлан Асқарұлымен болған әңгіме барысында көзім жетті», - деді М.Бочарников.
Елші Орал қаласында 2 маусым күні өтетін республикалық Сабантой мерекесіне қатысады.