БҚО әкімі Жаңақала ауданының жай-күйімен танысты (ФОТО)
Аудандағы жеке кәсіпкерлік нысандарын аралаған өңір басшысы 2015 жылы ашылған «Мадияр» автокөлікті жөндеу кешенінде болды. Кәсіпкер Данияр Сапаров өз қаржысына тұрғызған кешен қазіргі кезде он адамды жұмыспен қамтып, ауыл-аймақ тұрғындарына автокөлік жөндеу мен жуу, дәнекерлеу қызметтерін көрсетуде. Оған қоса мұнда қосалқы бөлшектер сататын дүкен мен асхана да бар.
Облыс әкімінің жергілікті кәсіпкерлермен кездесуінде жеке қожалықтарда малшылардың жетіспейтіні, су тапшылығы сынды өзекті мәселелер әңгіме арқауына айналды. Жаңақала - Бөкей ордасы ауданы секілді Нарын құмының біраз бөлігін жайлап жатқан малды өңірдің бірі. Сондықтан мұнда төрт түлік мал өсіру мен оның өнімдерін өңдеудің мүмкіндіктері баршылық. Бұл саланың табысты өркендеуі құнарлы мал азығын дайындауға қатысты екені белгілі. Сол себепті бұл маңызды мәселе де Алтай Көлгіновтің назарынан тыс қалған жоқ. Мысалы, Қызылоба ауылдық округінде жайылмаларға су жіберіп, олардан мол өнім алуға болады. Осы орайда шаруа қожалықтарының басшылары соңғы жылдары судың жетіспей отырғанын тілге тиек етіп, облыс басшысының қатеріне берді.
Батыс Қазақстан облысында соңғы жылдары аудан орталығына дейін қатқыл табанды жол тартылған өңірдің бірі - Жаңақала. Дегенмен мұнымен жол жөндеу мәселесі біте қойған жоқ. Әсіресе, Чапаев-Жаңақала күре жолының кейбір тұстарында тегіс емес шұңқыр жерлері көп болғандықтан, жүргізушілерге кедергі келтіруде. Осыған орай Чапаев-Жаңақала-Сайқын автожолының 51-76 шақырымы аралығын күрделі жөндеуге биыл республикалық бюджеттен 1,2 млрд. теңге бөлінген болатын. Қазіргі кезде бұл жұмысты «Uniserv» ЖШС атқаруда. Алтай Көлгінов жұмыс сапары барысында жол жөндеушілермен де кездесіп, жолды сапалы салудың қажеттігін атап көрсетті.
Айта кетейік, Алтай Көлгінов облыс әкімі болып тағайындалғаннан бері осымен он бірінші ауданның жай-күйімен танысып отыр. Енді бір ғана аудан - ең шалғайдағы әрі тарихи Бөкей ордасы ғана қалды.