БҚО әкімі журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтады (ФОТО)

Облыс басшысының атап өткеніндей, қазіргі кезде бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі күннен-күнге артып келеді. Бұл ықылым заманнан бері солай десе де болады. Осы орайда Батыс Қазақстанның да өз тарихы, өз ерекшелігі бар. Бұдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын Ғұмар Қараш сынды ұлт зиялылары патшалық дәуірдің өзінде 1911 жылы-ақ «Қазақстан» атты газет шығарып, елдің атын алғаш рет ресми айналымға қосты. Сол дәстүр бүгінгі таңда да жалғасып келеді. Газет тарихы - ел тарихы, зиялылардан қалған хат.
Елбасы тапсырмаларына сәйкес мемлекет атқарып отырған жұмыстарды қалың бұқараға жеткізетін, ел ішінде болып жатқан жаңалық-өзгерістерді баршаға паш ететін де журналистер. Қазіргі заман талаптарына сәйкес ақпараттың маңыздылығы артып, оны барынша жедел беру міндеті қойылуда. Жалпы, өңірде сексенге жуық бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген. Мемлекет басшысы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 94-қадамында мемлекеттік органдарда ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету, оның қолжетімді болуы қажеттігін атап көрсетті. Осы орайда Батыс Қазақстан облысында да тиісті жұмыстар атқарылуда. Апта сайын баспасөз мәслихаттары ұйымдастырылып, онда басқарма, департаменттер басшылары өз мәлімет-деректерімен бөлісуде. Енді аудандар әкімдері де облыс орталығына келіп, өз ауыл-аймақтарындағы өзгерістерді баяндайтын болады.
Дөңгелек үстел басында «Қазақстан» РТРК» АҚ БҚО филиалының директоры Асланбек Ғұбашев, «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО бойынша өңірлік тілшісі Ғайсағали Сейтақ, облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің бас редакторлары Бауыржан Ғұбайдуллин, Роза Сыйықова және басқалар сөз алып, өз ұсыныс-тілектерін білдірді.
Шара соңында «Приуралье» газетінің бас редакторы Р.Сыйықова мен «Қазақстан» РТРК» АҚ БҚО филиалының редакторы Мұнайдар Балмолдаға «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі табыс етілді. Сондай-ақ бір топ журналистер облыс әкімінің алғысхаттарымен марапатталды.