БҚО әкімінің бірінші орынбасары Ержан Балтаев қызметінен кетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Ержан Балтаев қызметінен кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

БҚО әкімінің баспасөз қызметі Е. Балтаевтың жұмысынан босатылғанын ресми түрде хабарлады.

«Батыс Қазақстан облысы әкімінің өкімімен облыс әкімінің бірінші орынбасары Е. Балтаев Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген міндеттер мен шектеулерді сақтамағаны үшін жұмыстан босатылды», - делінген хабарламада.

Ержан Талғатұлы Балтаев 1983 жылы дүниеге келген.

Қазақстан-Британ техникалық университетін, Қазақ гуманитарлық заң университетін құқықтану, Ұлыбританияның Абердин университетін әкімшілік іскерлік мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2004 жылы Астана қаласы бойынша жылжымайтын мүлік жөніндегі орталықтың маманы болып бастады.

Әр жылдары «CAPS Distribution» компаниясында заңгер, ТАИБ Қазақ банкінде заңгер, департамент директоры, БҰҰ-ның Даму бағдарламасы жобаларында ұлттық менеджер, бағдарламалардың үйлестірушісі, «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында басқарма төрағасы, Әділет министрлігі Мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау департаменті басқармасының басшысы, «ҚПО Б.В.» компаниясында жоба басқарушысы, «TENDEU» Халықаралық арбитраж агенттігінің директоры, «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығының басқарма төрағасы қызметтерін атқарды.

2021 жылдан бері Астана қаласы инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы болды.

Ал, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары лауазымына биыл қаңтар айында тағайындалған болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Антикор БҚО әкімінің орынбасары ұсталмағанын хабарлаған. «Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында және telegram-арналарда Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары мен «Ақжайық» ӘКК экс-басшысын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұстағаны туралы ақпарат таратылды. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Аталған адамдар ұсталған жоқ», - делінген еді хабарламада.

Соңғы жаңалықтар