БҚО әкімінің «ҚПО б.в.» компаниясы басшыларымен кездесуінде екіжақты байланысты кеңейту мәселелері қаралды

«Эни» компаниясының кен орындарын барлау және өндіру бойынша бас директоры Антоний Велла өңірге жұмыс сапарымен келсе, қабылдауда сондай-ақ Аджип Қарашығанақ компаниясының төрағасы Лука Виньяти мен басқарушы директоры Антонио Балдассаре, «ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Ренато Мароли болды.
Өңір басшысының атап өткеніндей, Елбасымыз шетелдік инвесторларға үнемі қолдау көрсетіп, олардың Қазақстанда табысты қызмет етуіне мүмкіндік жасап келеді. Инвесторлар жаңа технологияларын ала келіп, кен орындарында, өндірісте жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Қарашығанақты игеріп жатқан «ҚПО б.в.» компаниясы мен облыс басшылығы арасында тығыз байланыс орныққан. Ендігі міндет - осы қарым-қатынас аясын кеңейте түсу.
«ҚПО б.в.» компаниясы облыстың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге тұрақты қатысып келеді. Бұл бағыттағы жобаларды жүзеге асыруға 300 миллиондай АҚШ доллары жұмсалған. Айталық, соңғы он бес жылда компанияның қолдауымен 14 денсаулық, 25 білім, 5 спорт, 5 мәдениет нысаны бой көтеріп, күрделі жөнделді. «ҚПО б.в.» қаржысына жолдар да реттеліп, газ құбырлары тартылуда.
Компания өкілдері алдағы уақытта да Қазақстанның, соның ішінде өңірдің қарқынды дамуына барынша қолдау көрсететіндіктерін жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексовтың айтуынша, жүздесуде жергілікті үлесті арттыру, отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселесі де сөз болды. Таяуда жүзеге асырылмақшы Қарашығанақ кенішін кеңейту жобасына қазақстандық компанияларды тартуға назар аударылды. Сондай-ақ Бөрлі ауданындағы Березов ауылы тұрғындарын көшіру, өңірдің әлеуметтік, инфрақұрылымдық жобаларына қаржы бөлу жайлары да айтылды.