БҚО әкімінің орынбасары: Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардан өтініштер қабылданып жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен әрбір тұрғынның көмексіз қалмауы керектігі жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған орай БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов жергілікті жерде жұмыстардың қалай атқарылып жатқанын Kazinform тілшісіне әңгімелеп берді. 

Қалияр Айтмұхамбетов
Фото: БҚО әкімдігі

- Қалияр Шадиярұлы, Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдайға байланысты келтірілген зиянды өтеу туралы тұрғындардан қанша өтініш қабылданды, олар қала мен аудандарда қалай қаралуда, алдымен осыған тоқталсаңыз?

- Қазіргі кезде су тасқыны бойынша облыс аумағында төтенше жағдай жариялануына байланысты тиісті іс-шаралар атқарылуда.

Су тасқынынан зардап шеккен мүлік шығыны Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен (2014 жылғы 19 желтоқсандағы №1358) бекітілген «Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу қағидаларын бекіту туралы» қағидасына сәйкес өтеледі. 

Нақтырақ тоқталатын болсақ, шығындарды өтеу облыстық бюжеттің табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жоюға көзделген бюджет қаражаты есебінен және ұйымдардың қаражаты, азаматтардың, қорлардың, қоғамдық бірлестіктердің ерікті жарналары, заңға қайшы келмейтін өзге де қаржы көздері есебінен жүзеге асырылады.

Зардап шеккендер төтенше жағдай туындаған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде жергілікті әкімдіктерге материалдық нұқсанды өтеу туралы өтініш беруі тиіс.

Өтініш жергілікті атқарушы органға тіркеліп, келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде қаралады.

Жергілікті әкімдіктер 10 жұмыс күні ішінде өтініш бойынша нұқсанның мөлшерін бағалауын ұйымдастырады.

Бағалау қорытындысы шыққаннан кейін 3 жұмыс күні ішінде қаражат бөлу туралы шешім қабылданады.

Шешім қабылданғаннан кейін күнтізбелік 30 күн ішінде төлем жасау жүзеге асырылады.
Бүгінгі таңда облыс бойынша өтініштер келіп түсуде. Келіп түскен өтініштер негізінде ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 21 қарашадағы «Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес зардап шеккен ғимараттар мен құрылыстардың беріктігі мен орнықтылығына техникалық зерттеп-қарау жүргізілетін болады.

Сонымен қатар, аудандық, қалалық мәслихаттардың шешімдерімен бекітілген «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларына» сәйкес жергілікті бюджет қаражаты есебінен дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасына) осы жағдай туындаған кезден бастап үш ай ішінде, табыстарын есепке алмай 50 (елу) айлық есептік көрсеткіштің шекті мөлшерінде, біржолғы әлеуметтік көмек көрсету қарастырылған.

Күні бүгінге дейін 481 отбасына 88,7 млн теңгеге 50 АЕК (184 600 теңге) мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. Мұндай жәрдем алдағы уақытта да беріледі. Зардап шеккендерден өтініштер қабылданып, актілер жасалуда.

Тұрғын үйлері су тасқынынан зардап шеккен 25 отбасына (120 адам) атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.

Оған қоса су тасқынынан зардап шеккен мүгедектігі бар адамдар демеушілердің көмегімен техникалық көмекші орнын толтырушы құралдармен (9-ы гигиена құралдарымен, үшеуі уақытша кресло-арбалармен) қамтамасыз етілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғастырылуда.

- Үйлері жарамсыз деп танылған тұрғындарға жаңа баспана қай уақыт аралығында салынады? Оларға уақытша тұратын пәтер қарастырылады ма?

- Келтірілген залалдардың толық есебі әкімдіктер жанында құрылған комиссиялар жұмысын толық аяқтаған соң белгілі болады. Комиссия қортындысымен тұрғын үйі немесе баспанасы жарамсыз деп танылған отбасылар жаңа баспанамен міндетті түрде қамтылатын болады. Үйлері жарамсыз деп танылған тұрғындарға жаңа баспана салу мәселесі және оларға уақытша тұратын жай қарастыру әрбір аудан және қала әкімдіктерімен дербес қарастырылуда. Кей әкімдіктер тұрғын үй қорынан уақытша үймен қамтамасыз ету мәселесін шешуді көздесе, бірқатары үйсіз қалған адамдарды уақытша орналастыру бойынша кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізуде. Яғни қонақ үй және басқа орындарға орналастырмақ ниетте.

- Саяжайларда тұратын тұрғындарға көмек қалай көрсетілмек? Жалпы, зардап шеккендерге залал қалай өтеледі, жергілікті бюджет, сондай-ақ арнайы қорлар, демеушілер есебінен бе?

- Зардап шеккендерге жоғарыда айтып өткен қағидаларға сәйкес залал комиссияның қорытындысы бойынша жергілікті бюджеттің төтенше жағдай резервінен өтелетін болады. Саяжай тұрғындары да аталған құжаттарды комиссияға ұсынуы қажет. Комиссия қолданыстағы заңнамаларға сәйкес шешім шығарады.

Бүгінгі таңда су тасқынынан зардап шеккендерге арнап бюджет және басқа қаржы көздеріне қоса «Ақжайық» қоғамдық қорына қаражат жинақталуда. 

Бұдан бөлек, зардап шеккен тұрғындарға өңір кәсіпкерлері, белсенді қоғамдық бірлестіктер, бюджеттік мекемелер, волонтерлар және қарапайым облыс тұрғындары тарапынан жан-жақты көмек көрсетілуде. 

- Облыста су тасқыны салдарынан өлген мал басы қанша? Малынан айырылған тұрғындарға да зиян солай өтеле ме? Оларды қайтадан малдандыру тетіктері қарастырылады ма?

- Қазіргі уақытқа дейін алдын ала жинақталған мәліметтер бойынша су тасқыны салдарынан облыс аудандарында 219 бас ірі қара, 1 552 бас қой-ешкі, 54 жылқы, 97 шошқа малының және 119 үй құстарының шығыны (өлгені) тіркелді. Соның ішінде Сырым ауданында - 68 ірі қара, 258 бас ұсақ мал, 8 жылқы, Теректіде - 41 ірі қара, 112 ұсақ мал, 1 жылқы, 7 тауық, Қаратөбеде - 57 ірі қара, 906 бас ұсақ мал, 2 жылқы, 112 тауық, Бөрліде – 53 бас ірі қара, 276 ұсақ мал, 43 жылқы, 60 шошқа, Бәйтеректе 37 шошқа шығынға ұшыраған. 

Аудандарда малдәрігерлік қызмет жергілікті әкімдікпен бірлесіп, шығынға ұшыраған жануарлардың өлекселерін жою жұмыстарын бастады. Бүгінге дейін 115 бас ірі қара, 1246 ұсақ мал, 23 жылқы, 81 үй құсының өлекселері өртеліп, арнайы қазылған шұңқырларға көмілді.
Аудандарда құрылған арнайы комиссиялар құрамымен мал шығынын нақтылау жұмыстары әлі де жалғастырылуда.

Шығындар жоғарыда көрсетілген қағидалар негізінде өтелетін болады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Нұрлан Байбазаровтың Жайық өзеніндегі судың көтерілуі 94 елді мекенге қауіп төндіретіні туралы айтқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Орал қаласы тұсында Жайық өзеніндегі су деңгейі 7 метрден асты. 

Жайық өзенімен мол су келмекші: Батыс Қазақстанда дайындық қалай жүріп жатыр.

Соңғы жаңалықтар