БҚО: Ақобаның астынан «қара алтын» атқылай ма?
Мұнда зерттеу-барлау жұмыстары 2011 жылы басталған болатын. Биыл 9 сәуірден бастап бұрғылау жұмыстары жүргізілді. Бұл бағдарламаның бас мердігері «Қазгеология» ұлттық компаниясы» АҚ болса, қосалқы мердігер «Ақпан» ЖШС.
-Қазақстанның батыс өңірі - елдің басты мұнай-газ өндіретін аймағы. Бұл саланың Каспий маңы ойпатындағы келешегін нақтылау үшін, көмірсутек қорларын сараптау үшін сейсмобарлау, гравиметриялық, магнитометриялық, электробарлау және басқа да геологиялық барлау жұмыстары бар кешенді геологиялық-геофизикалық зерттеулер қажет, - деген мемлекеттік комитет жетекшісі Жәнібек ауданы аймағының өте аз зерттелгенін тілге тиек етті. Захатсор R2 ұңғымасының бұрғылау тереңдігі 1900 метрге жеткен. Геологтардың айтуынша, бұл жұмыс әлі зерттеуді талап етеді. Қазіргі таңда сынаққа алынған үлгі Ақтөбе ғылыми-зерттеу геологиялық барлау мұнай институтына жіберіліп жатыр. Сараптама алынғаннан кейін бұл жерде өңдеу жұмыстарын жүргізу қаншалықты нәтижелі болатыны туралы қорытынды жасалады.
«Ақпан» ЖШС бұрғылау басқармасының директоры Әлібек Балғазиннің айтуынша, Захатсор R2 алаңында бір бұрғы қондырғысы жұмыс жасайды. Онда 45 маман вахталық әдіспен жұмыс жасап жүр. Жұмыс тәулік бойы бір тынбайды. Одан бөлек, бұл алаңда бұрғылау ерітіндісі зертханасы мен геологиялық-техникалық станциясы іске қосылған.
-Облыс орталығынан қашықта жатқан ауданда дәл осындай жаңалықтың болуы - біз үшін қуаныш. Қазірдің өзінде ауданымыздан 30 адамға осы жерден жұмыс табылды. Егер бәрі дұрыс болып жатса, бұл жағдайдың жергілікті халықтың әл-ауқатының көтерілуіне ықпал етері сөзсіз, - дейді аудан әкімі Мұрат Мұқаев.
Мемлекеттік комитеттің төрағасы Базарбай Нұрабаевтың айтуынша, жер қойнауын пайдалану жөніндегі заңдылықтарға өзгерістер енгізу жайында талқылаулар жүруде. Сонымен қатар ол 2015-2019 жылдарға арналған геологиялық зерттеулер бойынша мемлекеттік бағдарламаның іске асырылу жайына тоқталды. Бұл бағдарлама бойынша өткен бесжылдықпен салыстырғанда геологиялық-барлау жұмыстарын үш есеге өсіру көзделген. Үлкен тереңдіктегі бірқатар ұңғымаларды бұрғылау көзделген және зерттеу негізінде сынамалар жасалып, учаскелердің келешегі мен әлеуеті анықталмақ.
Захатсор R3 екінші бұрғылау алаңында жоба талаптарына сай дайындық жұмыстары жүруде. Соның ішінде бұрғылау қондырғысы жұмыстары үшін құрал-жабдық орнатылуда. Б. Нұрабаевтың сөзіне қарағанда, бұрғылау алаңында жұмыс істеп жүрген ұжымның алдына жабдық орнатуды жеделдету, кестеден кешікпеу міндеті жүктеліп отыр.
Стансаны, зертхананы қарау және жұмысшылардың тұрмыстық жағдайымен танысу барысында мемкомитеттің басшысы мамандардың біліктілігіне, бұрғылау қарқынына және еңбекті ұйымдастыру сапасына қанағаттанғандық білдірді. Захатсор R3 бұрғылау қондырғысында жобалық қуатқа сәйкес 2200 метрден астам тереңдікке ұңғыма бұрғылау жоспарлануда.