БҚО: «Арба» қоғамдық бірлестігі ашық есік күнін өткізді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы «Арба» қоғамдық бірлестігі жаңа ғимаратқа орналасуына байланысты бүгін ашық есік күнін өткізді. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысқан шарада «Арба» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлмира Батпақұлова жаңа орында тігін, мүгедектер арбасын жөндеу шеберханалары, компьютер сыныбы, дайын тәтті тағамдар үшін тұрмыс бөлмесі және сылап-сипау кабинеті жұмыс жасап жатқанын атап өтті.
None
None

Соның ішінде массаж кабинеті бұдан бір ай бұрын «Келешекке көзқарас» әлеуметтік жобасы аясында корей этномәдени бірлестігінің бастамасымен ашылған. Дәрігер-сылаушы Виталий Анның сөзіне қарағанда, мұнда келушілер сылауға үйренеді. Курсты бітіргеннен кейін олар жұмысқа орналаса алады. Күні бүгін бес адам шеберлік сыныбынан өтуде. Сондай-ақ тігін бөлмесінде мүмкіндігі шектеулі жандар арнайы тапсырыспен көрпе-көпшік дайындаса, компьютер бөлмесінде компьютерде жазу, онымен жұмыс жасауды үйренеді. Ал тұрмыстық бөлмеде олар тәтті тағамдар пісіріп, ғимаратқа келушілерге ұсынады.

Қоғамдық бірлестіктің тыныс-тіршілігімен танысып, компьютер сыныбына ноутбук тарту еткен өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, мүмкіндігі шектеулі жандардың мұндай еңбегі үлгі етуге тұрады. Мәселен, емдік сылап-сипаудың қыр-сырын меңгерген қоғамдық ұйымның мүшелері қазір өздері осы бағытта жұмыс жасауда. Бұл, бір жағынан, оларға қосымша табыс, әрі бос уақытын тиімді пайдалану үшін аса қажет. Тағдырдың тауқыметін тартқан осындай жандарға кәсіпкерлер, басқа да адамдар бейжай қарамай, қолдау көрсетіп келеді. Мемлекет өз тарапынан бар жағдайды жасауда. Елбасымыз әр Жолдауында мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету қажеттігін назардан тыс қалдырған емес. Төрт құбыласы тең, он екі мүшесі сау адамдар да «анау жоқ, мынау жоқ» деп өмірден түңілгендей жағдайда жүреді. Олармен салыстырғанда, мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге ұмтылысы, жан жылуы ерекше. Олардың болашаққа деген жоспарлары да ауқымды. «Арба» қоғамдық бірлестігіне материалдық тұрғыдан қолұшын созып жүрген жандар аз емес. Осы кездесудің өзінде «Uniserv» ЖШС бас директоры Нұрғазы Сәтбаев көтергіші бар арнайы автокөлік алып беруге уәде етсе, Бөрлі ауданындағы «МонтажТехСервис» ЖШС басшысы Болат Сәрсенов «Келешекке көзқарас» жобасына қолдау көрсетуде.

Соңғы жаңалықтар