БҚО ауылында қаңғыбас иттер қойлар мен үй құстарын қырып кеткен
ОРАЛ. KAZINFORM – Бәйтерек ауданы Мичурин ауылдық округінде қаңғыбас иттер қойлар мен үй құстарын қырып кеткен.
Округке қарасты Асан ауылы Солнечная көшесі 6-үй, 2-пәтерде тұратын 71 жастағы Нағым Ғалиуллиннің мәлім еткеніндей, соңғы екі күнде қаңғыбас иттер 103 қазы мен елу шақты тауығын қырып тастаған.
Оның сөзіне қарағанда, екі-үш ай бұрын 36 бас, өткен жылы 89 тауығы дәл осылай шығынға ұшыраған.
«Шабуылдаған төрт ит секілді. Үшеуін ұстап, қораға қамап қойдым. Жексенбі күні ауыл әкімі, ауданның бас мал дәрігері келіп, қарайды дейді. Былтыр да, биыл да осылай шығынға қалып отырмын. Оны кім өтейді, білмеймін», дейді Н.Ғалиуллин.
Мичурин ауылы Комсомол көшесі 46-үйде тұратын 68 жастағы Әнуарбек Нұржановтың айтуынша, 13 бас қой мен бір қозысына 9 қараша күні таңмен иттер шабуылдаған.
«Қойымның бесеуі өліп қалды. Қалғанының жағдайы шамалы. Ақ-адал малымның осындай күйге ұшырағанына қынжыламын», дейді Ә.Нұржанов.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 9 қараша күні Мичурин ауылының тұрғыны, 68 жастағы азаматтың 10 қойын қаңғыбас иттер тістеп тастағаны туралы арызы Приурал полиция бөлімінде тіркелді.
«Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша жергілікті әкімдік пен ветеринарлық станцияға тиісті шаралар қабылдау үшін ұсынымхат жолданды», - деп хабарлады ведомстводан.
Мичурин ауылдық округінің әкімі Максим Мусалимов аталмыш оқиға туралы полиция бөлімі мен ветеринарлық станцияға хабарланғанын, қосымша 40 қаңғыбас ит пен мысықты аулауға өтінім берілгенін жеткізді.
«Жыл басынан бері өтінімге сәйкес 115 бұралқы ит-мысық ауланды. Бұлардың көбеюінің себебі – жергілікті тұрғындар ит пен мысықты ұстағанмен, оны тиісінше күтпей, тамағын бермей, бетімен бос жібереді. Тағы бір себебі – Мичурин мен Асан ауылы аумағында 4-5 бау-бақша серіктестігі бар. Серіктестік мүшелері саяжайды күзету үшін күшік асырайды да, оны күзде қалдырып кетеді. Содан ашыққан ит азығын іздейді», дейді М.Мусалимов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласы тұрғынының қойын иттер тағы да қырып кеткенін жазған болатынбыз.
Орал қаласының тұрғыны Есенгелді Айтмұхамбетовтің сөзіне қарағанда, оқиға 5 қарашаға қараған түні болған. Бұдан бұрын 18 қазан күні болған оқиға кезінде оның 150 бас қойының 86-сын қырып кеткен еді.
Зачаган кентінің әкімі Аққали Әубекеровтің айтуынша, 46 қойдың 10-ы өлген. Жетеуі жаралы, сойылды, 29-ы ғана сау.