БҚО: балуан қыз Е.Ларионова жылдың үздік спортшысы атанды

Спортшылар қауымын облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, биыл батысқазақстандықтардың дүниежүзілік, халықаралық жарыстарда атой салып, жеңіске жеткенін атап өтті. Жаңа жылда да олардың табысты еселей түсуіне тілектестігін білдірді. Әсіресе, ерекше атап өтер жайт, алдағы Сочи олимпиадасында бір топ батысқазақстандық шорт-трек шеберлері ел намысын қорғағалы отыр.
Мерекелік шарада жылдың үздік спортшылары, бапкерлері және басқалар түрлі аталымдар бойынша марапатталды.
Қазақстан туын биікте желбіретіп жүрген оралдық балуан қыз Екатерина Ларионова жылдың үздік спортшысы атанды. 1994 жылы дүниеге келген Екатеринаның биылғы табысы ерекше. Ол Венгрияда қыркүйек айында өткен ересектер арасында әйелдер күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Небәрі 19 жаста болғандығына қарамастан, балуан қызымыз 63 келі салмақта колумбиялық қарсыласын 30 секундта таза ұтты. Енді Е.Ларионова 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін олимпиадалық ойындарда Қазақстан қоржынына жүлде сала алатын басты үміткерлердің қатарына қосылып отыр. Кішкентайынан әкесі Алексейдің басшылығымен жаттығып келе жатқан Екатерина бұған дейін кадеттер арасында әлем, Азия біріншіліктерінде топ жарған болатын.