БҚО: «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» Жұбан елінен Сырымға табысталды

Ақжайықтықтар алдымен аудан орталығы Жымпиты ауылындағы Сырым Датұлының ескерткіші мен Алаш саябағындағы Алашорда үкіметінің көсемдеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, Алаш мұражайы мен С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінде болды. Меймандар Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептегі Қадыр сыныбымен танысты. Ақын атындағы мектеп оқушыларының Қадыр өлеңдерін жатқа оқудағы шеберліктері тыңдаған адамды ерекше әсерде қалдырады. Осындай пікір білдірген Ақжайық ауданының әкімі Нариман Төреғалиев мектеп директоры Марат Ақбасовқа Қадыр сыныбы үшін естелік сыйлық табыс етті.
Қос аудан қоғамдық келісім кеңестерінің қатысуымен өткен «Менің елім - мәңгілік ел!» атты дөңгелек үстел отырысында ел бірлігін, қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулық пен мәдениетті нығайту сияқты «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасының негізгі мақсаттары сөз болды. Әсіресе, аймақтық ассамблеялардың байланысын өркендетуге маңыз беру туралы көп айтылды. Сырым аудандық мәслихатының хатшысы, осы кеңестің аудандағы төрағасы Әнуарбек Ғалымов аталған қоғамдық құрылымның жергілікті жерде атқаратын қызметінің мәні зор екендігін атап өтті. Келелі мәселеге байланысты сырымдық ардагер-ұстаз Ким Федянин, Ақжайық аудандық мәслихатының хатшысы Дәулетжан Жақсыбаев өз ойларын білдірді. Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов татулық пен тұтастық жылындағы шаралардың мазмұнына үлкен мән беру керектігіне тоқталды. Өйткені, қалың бұқараны бірлікке шақыру, ұлттардың ұйысқан ынтымағын дәріптеу осындай шаралардың ұйымдастырылу деңгейіне тікелей байланысты. Мегажоба аудандық мәдениет үйінде өткен Ақжайық ауданы көркемөнерпаздарының «Жұбан елі - жарасымның мекені!» атты концерттік бағдарламасымен қорытындыланды. Биыл - Қазақ хандығының 550 жылдығы. Концерттік бағдарлама осы тарихи тақырыптағы театрландырылған көрініспен басталды. «Ақтабан шұбырындыны» шынайы берген көріністі көңілде қалдырған - Қарға бойлы Қазтуғанның жыры. Қонысымен қоштасқан Қазтуғанның жыры сай-сүйекті сырқыратады. Бірақ, қойылымның сарыны трагедиямен тұра бермейді. Ақ сақалды Абыз ата шығып, қазақты қайраттандырады, кемел келешекті көреді, сөйтіп көрерменге оптимистік рух береді. Рух дегенде ұлттық рух, патриоттық рух. Осы көріністен кейін сахнада Ж. Молдағалиевтің «Мен - қазақпын» өлеңі оқылды. Патриоттық, отаншылдық рухтағы жырлар мен әндер, күйлер жарасымды жалғасын тапты. Әсіресе, Ә.Елекешов жетекшілік ететін Ақжайық аудандық «Саз» этно-фольклорлық ансамблі, өткен жылғы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары Сәндібековтердің отбасылық ансамблі тың дүниелерімен қуантты. Ақжайық ауданында 21 өзге ұлт өкілі тұрады. Солардың бірі, «Радуга» славян ұлттық-мәдени орталығы осы кеште «Желам вам» әнін шырқады. Үлгілі «Сымбат», «Балауса» және «Дарын» бишілер тобы «Достық» атты хореграфиялық композицияны орындады. Концерттік бағдарлама «Ақжайық - өлкем!» атты әнмен қорытындыланды. «Біз бүгін Сырым ауданына Ақжайық өзенінің қос қапталын жайлаған Жұбан елінің сәлемін алып келіп отырмыз. Бұл екі елдің ежелден ауылы аралас, қойы қоралас. Сол баянды достық өзінің маңызын жоғалтпақ емес. Қазақстан халқы Ассамблеясы секілді үлкен қоғамдық институт арқасында татулық пен бірлік елдегі басты құндылыққа айналды. Біз осы игілікті насихаттауға, келісім аясын кеңейтуге әрқашан мүдделіміз», - деді шара соңында Ақжайық ауданының әкімі Нариман Төрағалиев. Содан кейін Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков ақжайықтық әріптесінен «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасының эстафетасын салтанатты түрде қабылдады. Қос аудан басшылары өзара естелік сыйлықтармен алмасты. Ақжайық ауданы қолөнер шеберлері мен фотосуретшілерінің туындылары қойылған көрме де елеусіз қалған жоқ.