БҚО бюджетінің орындалуында оң қарқын бар

ОРАЛ. 31 мамыр. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысы 2012 жылғы бюджетінің орындалуында оң қарқын бар.
None
None

Бұл туралы өңір басшысы Нұрлан Ноғаев қатысқан облыстық мәслихаттың 9-сессиясында мәлім етілді.

Облыстық қаржы басқармасының басшысы Айгүл Салахатдинованың айтуынша, өткен жылы облыс қазынасына 93,4 млрд. теңге түсті, бұл - жоспардың 98,9 пайызы. Мұның басым бөлігін немесе 66,5 млрд. теңгесін республикалық бюджеттен түскен трансферттер мен несиелер құрайды. Салықтық түсім 25,1 млрд. теңге көлемінде қалыптасты. 2011 жылмен салыстырғанда, облыстық бюджетке түскен салық 3873,7 млн. теңгеге немесе 18,2 пайызға көбейді. 22,6 млрд. теңге көлеміндегі даму бюджеті толық игерілді.

БҚО бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Серік Тұрсынов облыс әкімдігі өңір бюджетінің негізгі көрсеткіштері бойынша орындалуын қамтамасыз еткенін, бюджеттік қаржының әлеуметтік салаға көбірек жұмсалғанын атап өтті.

Сессияда 2011-2013 жылдарға арналған құқық бұзушылықтың алдын алу бағдарламасының жүзеге асу барысы да талқыланды. БҚО ішкі істер департаментінің бастығы Махамбет Абисатовтың сөзіне қарағанда, бейне бақылау камералары мен жылдамдық тексеретін құрылғылардың 90 пайызы жұмыс жасамайды. Басты себеп - қаржының жоқтығы. Егер тиісті қаржы бөлінген жағдайда аталған құрылғылар облыс орталығында қылмыстың ашылуына септесер еді.

Сессияны қорытындылаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қылмысқа жол бермеу тек материалдық-техникалық жаңғыртылуға байланысты еместігін атап көрсетті. Бұл жерде полицейлердің қызметіне де көп нәрсе қатысты. Олар тұрғындармен біте қайнасып, жұмыс жасай білуі керек. Сонымен бірге ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту бағытында қаржы бөлу мәселесі таяуда қаралатын болады.

Соңғы жаңалықтар