БҚО-да 103 жастағы кейуанаға құрмет көрсетілді

Амандық-саулық сұрасқан соң ел басқарып жүрген азаматтардың өзін елеп келгендеріне ақ жаулықты, алтын құрсақты асыл әже ризашылық сезім танытты. Химан әже 1910 жылы көршілес Орда ауданының Теректі ауылдық кеңесіне қарасты Калинин атындағы колхозда дүниеге келген екен. Ол қазан төңкерісін, сонау аумалы-төкпелі кезеңдегі кәмпеске, өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ашаршылық, репрессия, одан қала берді, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қиын-қыстау кезеңдерді көріп өскенін, басынан кешкенін жасырмады. Жеті құрсақ көтерген ардақты ана әлі де тұғырдан таймаған. Бала-келіндері мен немере, жиендерінің әлпешіне бөленіп отырғанын мақтан тұтады.
«Қазақ еліне егемендік алып берген сарабдал саясаткер, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев аман болсын. Қазақстанның Президенті аман болса, еліміз де аман болады. Балаларым, бақытты болыңыздар! Өмірлеріңіз ұзақ болсын! Баршаңызға жақсылық тілеймін, жамандық атаулыдан аулақ жүріңіздер. Мына өсіп келе жатырған кейінгі ұрпақ аман болғай! Елдің болашағы - солар. Бүгінгі жастар оқып, білім алып, тәуелсіз еліміздің дамуына сүбелі үлес қоссын. Ең бастысы, адамзат баласы қиындық көрмесін!» - деп ақ батасын берді Химан ана қуанышты кейіппен.
Аудан басшысы Мұрат Рахметұлы Химан әжеге құттықтау хат беріп, иығына қазақы дәстүрмен өрнекті камзол жауып, сый-сияпат ұсынып, деніне саулық, отбасына баянды бақыт тіледі.