БҚО-да 108 мыңнан астам адам медициналық сақтандырудан тыс қалып отыр

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында 585 849 адам немесе халықтың 84,4 пайызы сақтандырылған.

БҚО-да 108 мыңнан астам адам медициналық сақтандырудан тыс қалып отыр
Фото: Pixabay.com

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ БҚО бойынша филиалының директоры Сандуғаш Болысбекованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның 393 079-ы жеңілдік санатына жатады, олардың жарналарын мемлекет төлеп отыр. 

Сандуғаш Қиясбайқызының сөзіне қарағанда, облыс бойынша 108 085 азаматтың сақтандыру мәртебесі жоқ. Соның ішінде 25 мыңнан астамы — әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар.
Оның айтуынша, МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар ең алдымен қарапайым халық үшін медициналық көмекті қолжетімді етуге бағытталған. Енді жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы (D және E деңгейі) санаттарға жататын азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлейтін болады. Сонымен қатар ресми жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар да жергілікті бюджет есебінен сақтандыру жүйесімен қамтылады. Бұл шаралар өңірлердегі халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдауды күшейтуге қосымша серпін береді.

— Заңға енгізілген тағы бір өзгеріс, бұған дейін жарна төленбеген жағдайда адамның сақтандыру мәртебесі 3 ай ғана сақталатын еді. Енді 5 жыл бойы тұрақты жарна төлеген адам жұмысынан айырылған жағдайда бұл мәртебе 6 айға дейін сақталады. Яғни азаматтар уақытша табыстан айырылып қалса да, медициналық көмексіз қалмайды. Алайда ескеретін жайт — кейінге қалған айлардың берешегін өтеу қажет болады, — деді С. Болысбекова.

Оның мәлімдеуінше, сонымен бірге мемлекет онкологиялық ауруларды ерте анықтау үшін тексеру жұмыстарын күшейтуді көздеп отыр. Осыған байланысты 2025 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап онкоскринингтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі тізіміне енгізіліп, барлық азаматтарға сақтандырылғанына қарамастан қолжетімді болады. 

— Оған қоса бұған дейін тек туберкулез бен АИТВ-ға ғана тегін тексеру жасалса, енді созылмалы вирусты гепатиттер мен бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, жедел миокард инфаркті мен инсультке күдік туындаған жағдайда да консультативтік-диагностикалық көмек тегін көрсетілетін болады, — деді филиал басшысы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Президентттің МӘМС туралы заңға түзету енгізгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар