БҚО-да 1273 көпқабатты үйдің 1243-і қысқа дайындықтан өтті

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Алмаз Бадашев мәлім етті.
Оның айтуынша, 449 денсаулық сақтау, 363 мәдениет, 668 білім беру нысаны жылыту маусымына әзір. Жылу беру жөнінде өтініш түсірген 5 білім беру, 14 балабақша, 8 медицина мекемесі жылуға қосылды. Жоспарланған 14 мың тоннаның орнына 11 мың тоннадан астам қатты отын, межеленген 4 мың тонна сұйық отынның 3,5 мың тоннасы жеткізілді. Барлық әлеуметтік нысандар қысқы кезеңге дайын, жұмыстар жоспарға сай жүргізілуде.
Сонымен қатар коммуналдық шаруашылықтардағы жылыту қазандығын, жылу желілерін жөндеу жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Республикалық бюджеттен қаржы бөлініп жатса, 2013-2014 жылдары Орал жылу-қуат орталығын дербес қамтитын құбыр тартылады деп күтілуде. Оның жобалық құны - 3,5 млрд. теңге. Қаланың солтүстік-шығыс ауданын және қуат орталығын газбен қамтитын газ құбырына түсетін жүктеме жыл санап өсіп отыр. Сондықтан Орал жылу қуат орталығын газбен тұрақты қамту мақсатында осы жоба қолға алынып, оның техникалық-экономикалық негіздемесі ҚР Мұнай газ министрлігіне жолданған.
Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылығы басқармасының бастығы міндетін атқарушы Мерген Мағутовтың сөзіне қарағанда, Орал қаласы бойынша тұрғын үйлерге жылу уақытында беріледі. Жоспарлы түрде жүргізілген жөндеу жұмыстары арқасында күзгі-қысқы маусымда еш қиындық болмайды.