БҚО-да 1484,6 млн. теңгеге 16 нысан күрделі жөнделуде

БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, соның 10-ы - білім нысандары. Атап айтқанда, Оралда №39 орта мектеп, №33 «Орленок» мектепке дейінгі шағын орталық, көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат, Сырым ауданы Қособа орта мектебі, Тасқала ауданы Шежін орта мектебі, Қазталов ауданы Нұрсай орта мектебі мен интернаты, Шыңғырлау ауданы Алмаз орта мектебі, Зеленов ауданы Переметный ауылындағы орта мектеп, Жаңақала ауданы Е.Орақбаев атындағы орта мектеп күрделі жөнделуде. Сондай-ақ Зеленов ауданы Рубежин, Жәнібек ауданы Тау, Ақжайық ауданы Жаңабұлақ ауылдарында мәдениет ошақтары жаңартылуда. Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылында аудандық орталық аурухана да күрделі жөнделуден өткізілуде. Оған қоса Орал қаласында Әбілқайыр хан көшесі мен Желаев жолының арасы және Қ.Мусин көшесінің (Әбілқайыр ханнан Ғ.Құрманғалиев көшесіне дейін) жолы жөнделуде.
Аталған жобаларды жүзеге асыру барысында 773 жаңа жұмыс орнын ашып, жұмыспен қамту орталықтары арқылы 388 адамды тарту көзделген болатын. Күні бүгін 14 нысан жөнделіп жатса, қалған екеуінде конкурстық рәсімдер жүргізілуде. 751 жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыспен қамту орталықтары арқылы 371 адам еңбек орнын тапты.