БҚО-да 15 мүгедек баланы оқытуға кеткен шығындар төленбей келген
АСТАНА. KAZINFORM — Іске облыстық прокуратура араласқаннан кейін мүгедек балалардың конституциялық құқықтары қалпына келтірілді.

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының прокуратурасы мүгедек балалардың үйде оқу шығындарын төлеу тәртібін талдады.
Ауданның Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі биылғы жылдың бюджет қаражатын дұрыс жоспарламауы салдарынан қыркүйек-қараша айларында 15 мүгедек баланы оқытуға кеткен шығындар төленбегені анықталды.
— Прокуратураның ұсынуы негізінде мәслихаттың шешімімен бюджеттен қосымша қаражат бөлініп, 592 180 теңге төленді, осылайша балалардың конституциялық құқықтары қорғалды. Кінәлі лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі қарастырылуда, — делінген хабарламада.
Бұған дейін Ақмола облысында мүгедек балаларға бөлінген қаражат жымқырылғаны анықталды.