БҚО-да 16 жастағы қызды зорлау дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданында кәмелетке толмаған қызды зорлау дерегі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

тұрмыстық зорлық-зомбылық
Фото: Азертадж

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Ақсай қаласы тұрғынынан оның 16 жастағы қызына қатысты құқыққа қайшы әрекеттер бойынша арыз 2 қаңтар күні түскен. 

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 120-бабы 3-1-бөлігі 1-тармағына (кәмелетке толмаған қызды зорлау) сәйкес қылмыстық іс қозғалған. 

Істі қарау барысында объективті тергеу үшін маңызы бар хат алмасу және басқа деректер анықталған. 

— Қазіргі кезде арыз беруші мен оның қызы қарым-қатынас кезінде өзара келісім болғанына сүйеніп, оқиғаның зорлау сипаты болғанын растамайды. Соған қарамастан, тергеу жалғасуда. Шыңғырлау ауданы полиция бөлімімен тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Басқа ақпарат ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды. Іс полиция департаменті басшылығының бақылауында, — делінген ресми мәліметте.

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, күдікті Шыңғырлау ауданында басшы орында қызмет атқарған. Оқиғадан кейін жұмысынан шығып кеткен.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 10 жасар қызды зорлау дерегі бойынша кент әкімдігіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар
Референдум