БҚО-да 2 автокөліктен бірнеше мылтық пен еліктің еті табылды
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға Бөрлі-Ақсай-Жымпиты автожолында болды.
«Аталмыш жол бойында тоқтатылған BMW және Toyota Land Cruser GXR автокөліктерінен МЦ-21-12 тегіс ұңғылы аңшы мылтығы, оқ-дәрісімен МР-153 маркалы аңшы карабині, «Тигр» карабині, 37 ұсақ калибрлі оқ-дәрі және еліктің еті салынған пакеттер табылып, тәркіленді. Қаруға тиісті құжаттар бар. Осы дерек бойынша ҚР ҚК 337-бабы 1-бөлігіне (заңсыз аң аулау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл бап бойынша айыпты деп танылған адам мүлкі тәркіленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 57 млн теңгенің темекісі мен қолдан жасалған ішімдікті заңсыз сатқан тұрғынның ұсталғанын жазған болатынбыз.