БҚО-да 2 жүкті әйел су басқан аймақтан тікұшақпен Оралға жеткізілді

БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің жедел штабынан мәлім еткеніндей, оқиға Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылында болды.
Өңірге көмекке келген Атырау облысы ТЖ департаментінің күшімен Жақсыбай ауылында тұрғын үйлерден су сорылуда.
Ауылда барлығы 97 үй суға кетсе, қазір соның 57-сінде жұмыстар жүргізілуде.
«ҚазАвиаҚұтқару» тікұшағымен Жақсыбай ауылынан 37 және 25 жастағы жүкті екі келіншек Оралға жеткізіліп, туыстарына тапсырылды.
ТЖ департаменті мәліметі бойынша өңірде осы кезге дейін 140 үй суға кетті.
Қазіргі кезде облыста су тасқынына қарсы күрес жалғасуда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-ның тағы бір ауданында төтенше жағдай жарияланғанын, 170-тен астам тұрғын үйді су басқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ тасқын су шайып кеткен соң бірнеше көлік жолы жабылды.