БҚО-да 20-дан астам адам бүйрек синдромды геморрагиялық қызба дертін жұқтырған
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биылғы он айда 22 адамның бүйрек синдромды геморрагиялық қызба ауруымен сырқаттанғаны белгілі болды.
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың мәлім еткеніндей, бұл өткен жылғы осы кезеңдегіден (3) әлдеқайда көп.
Оның сөзіне қарағанда, тышқан тәрізді кеміргіштерден жұғатын дерттің сегізі Бөрлі, алтауы Бәйтерек, екеуі Теректі ауданында, алтауы Орал қаласында тіркелді.
- Науқастардың кеміргіштер жүретін жерлерде болғаны, балық аулауға шығып, шөп шабу жұмыстарына қатысқаны анықталды. Бүйрек синдромды геморрагиялық қызба ауруының алдын алу үшін шөп, бидай, бидай өнімдерімен жұмыс істеген кезде және кеміргіштер болуы мүмкін шаңды бөлмелерде респиратор қолдану қажеттігін еске саламыз. Кеміргіштермен ластанған болуы мүмкін өнімдерді пайдаланбау керек. Сонымен қатар әкімдіктер тарапынан дератизациялық жұмыстар жүргізілгені жөн, - деді Н.Мұстаев.
Департамент деректеріне сәйкес облыс көлемінде тырысқақ, құтыру, оба, сібір жарасы, іш сүзегі, қызамық, дифтерия, полиомиелит, сіреспе, безгек және ботулизм тіркелген жоқ. Сондай-ақ 16 жұқпалы аурулар бойынша көрсеткіштің төмендегені байқалады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 177 мектепте 440-тан астам оқушының ЖРВИ-мен ауырғанын жазған едік.