БҚО-да 20 мың балаға қызылшаға қарсы қосымша екпе салынды
Батыс Қазақстан облысында адамдардың қызылшамен ауыруы өсіп, эпидемиологиялық жағдай қолайсыз болып отыр, деп хабарлайды Kazinform.

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұқамғали Арыспаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, өңірде осы кезге дейін 466 адам қызылшаға шалдықса, соның 334-і Орал қаласында тіркелген.
Сондай-ақ Бөрлі (52), Сырым (26), Бәйтерек (18), Казталов (11) аудандарында көбірек ұшырасып отыр.
Департамент басшысының сөзіне қарағанда, сырқаттанғандардың 46-сы – 1 жасқа дейінгілер, 149-ы – 1-4, 88-і – 5-14, 46-сы – 15-18 жас аралығындағылар, 134-і – ересек адамдар.
Күні бүгін қызылша тіркелген 18 нысан медициналық бақылауға алынса, соның 11-і – мектеп, жетеуі – балабақшалар. Бұларда эпидемияға қарсы іс-шаралар кешені жүргізілуде.
«Биылғы 6 қарашадан бастап қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау науқаны барысында 5 жасқа дейінгі 20 мыңнан астам бала екпемен қамтылды. Сонымен қатар 18 жасқа дейінгі, бұрын уақтылы егілмеген және де қызылша ошақтарында екпе туралы мәліметтері жоқ 30 жасқа дейінгі адамдарға 72 сағат ішінде шұғыл вакцинация жасалады. Алдағы жаңажылдық мереке күндеріне байланысты жұқпалы дерттердің алдын алу мақсатында тұрғындарға қызылшаға қарсы егілмегендері болса, екпе алу қажеттігін еске саламыз. Оған қоса жеке қорғану шараларын сақтап, адамдар көп жиналатын жерлерге бармаған жөн. Тұмау, ЖРВИ, қызылша ауруының алғашқы белгілері байқалған кезде дәрігер көмегіне жүгіну қажет», - деді М.Арыспаев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да қызылша жұқтырған 56 адамның стационарда емделіп жатырғанын жазған едік.