БҚО-да 200-ден астам әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымдар жаңартылды

Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, соның нәтижесінде өңірде 200-ден астам әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымдар жаңартылды. Мысалы, ірге көтергеніне қырық жыл болған Ақжайық аудандық ауруханасы 370 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өткізілді. Сол секілді Теректі ауданы орталығы Федоров ауылында салынғанына жарты ғасыр болған орта мектеп ғимараты 165 млн. теңгеге қайта түледі. Мұнда қазір 400 шәкірт білім алуда.
Барлық бағыттар бойынша облыста 22 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылса, соның ішінде 6 мыңнан астамы тұрақты еңбек орнын тапты.
«Мұның бәрі - Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының, «Нұрлы жол», «Бизнестің жол картасы - 2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020», өңірлерді дамыту және басқа бағдарламалардың жемісі. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасатын болады», деді өңір басшысы.