БҚО-да 21 жастағы студентті өлтірген тұрғын 17 жылға сотталды

ОРАЛ. KAZINFORM — БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қуандық Хайруллинге қатысты үкім шықты.

БҚО-да 21 жастағы студентті өлтірген тұрғын 17 жылға сотталды
Фото: Norma.uz

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оған ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі 8-тармағына сәйкес адам өлтіру фактісі бойынша айып тағылды. 

Сот талқысында анықталғанындай, оқиға 2024 жылы 27 маусымда сағат 09.00 шамасында Бәйтерек ауданы Мичурин ауылында болған. Сотталушы бұрын қарызға алған ақшаны қайтармау мақсатында, пайдакүнемдік ниетпен өзінің досы Жеткерген Жамбыловтың кеуде тұсынан бірнеше рет пышақ сұғып, өлтірген.

— Алқабилер алқасының үкімімен Қ.Хайруллин аса ауыр қылмысты ауырлататын жағдайда жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот заң талаптарын негізге ала отырып, оған ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігі 8-тармағымен 17 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу белгіленді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, — деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жоғалып кеткен 21 жастағы студент үш күннен бері іздестіріліп жатқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Оралда жоғалып кеткен 21 жастағы студентті өлтірген күдікті ұсталды. 

Туыстары әлеуметтік желі арқылы іздестірген марқұмның денесі бір айдан кейін табылған еді. 

Оның мүрдесін сотталушы сарайда көміп тастаған. 


Соңғы жаңалықтар