БҚО-да 21800 адам мүгедектігіне байланысты жәрдемақы алады

Облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Жұмажан Қожжановтың айтуынша, олардың арасында бірінші, екінші, үшінші топтағы, Ұлы Отан соғысының мүгедектері, мүгедек балалар және басқалар бар.
Облыстық мүгедектер қоғамының құрамына 12 аудандық, 1 қалалық бөлімше, 4 аймақтық, 150-ден аса ауылдық бастауыш ұйымдар енген.
Қазіргі кезде маңызды істердің бірі - мүгедектерді жұмысқа орналастыру. Тек өткен жылы Орал қаласында 22 адам жұмыс орнын тауып, 10 адам қайта даярлықтан өткізілді. Аудандарда 40 адам уақытша және тұрақты жұмысқа орналасқан. Бірінші топ мүгедектеріне 8 қоларба берілді. Күзде мәслихат шешімімен қолдауға мұқтаж, мүгедек 1540 адамға қаржылай көмек көрсетілді.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасымен бірлесе отырып, демеушілер арқылы өз ісімен айналысушы немесе оған ынталы адамдарға қажетті құрал-жабдықтар алынып берілді. «Даму» қоры да мүмкіндігі шектеулі 12 жанға осындай көмек көрсетті. Республикалық «Сәби» қорымен екіжақты келісімге отырып, жүріп-тұруы қиын бірінші, екінші топ мүгедектеріне жаңа «Инватакси» көлігі іске қосылды. Қазіргі кезде орта есеппен айына 110-112 адам көлік қызметін жүйелі пайдаланып келеді. Аталмыш көлік қызметі жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылуда. Орал қаласының әкімдігі шаһар аумағында 12 жасқа дейінгі мүгедек балаларға қоғамдық көлікте тегін жүру құқығын берді.
Осындай жұмыстар алдағы уақытта да жалғаспақ.