23:48, 24 Наурыз 2020 | GMT +5
БҚО-да 22 мың масканы алып кетіп бара жатқан ресейлік ұсталды
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 22 мың данаға жуық медициналық масканы алып кетіп бара жатқан ресейлік азамат ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ҰҚК Шекара қызметі 2029-әскери бөлімі командирінің орынбасары Асқар Қазбековтің мәлімдеуінше, оқиға 24 наурыз күні сағат 19.00-де «Сырым» өткізу бекетінде болған.
Шекарашылар Орал-Самара бағытында ресейлік азамат айдап бара жатқан автокөлікті қараған кезде 9 жол сөмкесі табылды.
Ілеспе құжатында «Тоқыма, 200 кг» деп көрсетілгенімен, ол 21 875 дана медициналық маска болып шықты. Тауардың құны шамамен – 3 млн теңге.
Жүк Орал қаласындағы «KazExpress» компаниясынан жөнелтілген.
Автокөлікті БҚО бойынша экономикалық тергеу департаментіне беру көзделуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 26 тонна медицина қолғабын Мәскеуге апара жатқан жүк көлігі ұсталғанын жазған болатынбыз.