БҚО-да 27 млн теңгенің малын ұрлағандар сотталды

Облыстық полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Ерлан Жақсыбаевтың мәлім еткеніндей, өткен жылдың қараша айында қолға түскен қылмыстық топ 2015-2018 жылдары Қаратөбе ауданында мал ұрлаумен айналысқан.
ҚР ҚК 188-бабы 2-бөлігіне (ұрлық) және 262-бабына (ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу) сәйкес қылмыстық істі полиция департаментінің тергеу басқармасы жүргізді.
Тергеу барысында Қаратөбе ауданының тұрғындары Е.Төлегенұлы, О.Дәулетияров, С.Бисенбаевтың мал ұрлығымен айналысқаны анықталды. Олар төрт жыл ішінде ауданның 40 тұрғынынан барлығы 26 жылқы, 118 бас сиыр малын ұрлап, оларға 27 млн астам теңге залал келтірген.
Сырым аудандық сотының үкімімен ҚР ҚК 188-бабы 4-бөлігі 1, 3-тармақтары және 262-бабы 2-бөлігімен айыпты деп танылған ұйымдасқан топ басшысы Е.Төлегенұлы 8 жылға, О.Дәулетияров 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Тергеу органдарымен процессуалдық келісімге келіп, қылмыстың ашылуына жәрдемдескені ескеріліп, С.Бисенбаевтың бес жыл алты ай мерзімге бас бостандығы шектелді.