БҚО-да 290-нан астам киік мүйізін заңсыз сақтаған тұрғын сотталды
ОРАЛ. KAZINFORM — Бәйтерек аудандық сотында киік мүйіздерін заңсыз тауып, сақтаған әрі тасымалдаған, сөйтіп мемлекетке аса ірі мөлшерде залал келтірген тұрғынға қатысты үкім шықты.

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, ақбөкен дериваттарын пайдалануға тыйым салынғанына қарамастан, аталмыш тұрғынның Бөкей ордасы ауданы аумағында болған кезде 291 дана киік мүйізін заңсыз жолмен тауып, сақтап, тасымалдағаны анықталды.
Осылайша, ол мемлекетке 429 млн 079,5 мың теңге залал келтірген.
Сотталушы кінәсін толық мойындағанымен, есептелген залал сомасымен келіспеді.
Сот оны айыпты деп тауып, мүлкін тәркілеусіз 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі ең төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге үкім шығарды. Сондай-ақ сотталушы 5 жыл мерзімге аңшылық қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
- Сот сотталушыға «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңын қолданып, жаза мерзімін бестен бір бөлігіне қысқартты. Сондай-ақ сотталушыдан мемлекет пайдасына 429 млн 079,5 мың теңге залал және өндіріп алынған залал сомасынан 1 пайыз мемлекеттік баж есебінде 12 млн 872,385 мың теңге өндірілді, - деп хабарлады ведомстводан.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да қару мен киік мүйізін заңсыз сақтаған шаруа қожалығының басшысы ұсталғанын жазған едік.