БҚО-да 4,5 млрд теңгеге 33 білім нысаны күрделі жөнделуде

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында биыл мемлекеттік бағдарламалар аясында 4,5 млрд теңгеге 33 білім беру нысаны күрделі жөнделуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің мәлім еткеніндей, сонымен қатар облыс бойынша 8 млрд теңгеге 6 мектептің құрылысы жүргізілуде.

Күрделі жөндеу және құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше мән берілуде. Бұған қоғам белсенділерін, ата-аналарды тарта отырып, мектеп директорлары бас-көз болуы қажет.

«Қазіргі таңда облыста 7 үш ауысымдық және 7 апаттық жағдайдағы мектеп бар. Мектептердің апаттылығын және үш ауысымдылықты жою мақсатында мемлекеттен тиісті қаражат бөлініп, биыл пайдалануға берілетін ғимараттар есебінен апатты жағдайдағы 2 мектептің, үш ауысымды 5 мектептің мәселесі шешілетін болады», деді өңір басшысы.

Инфрақұрылымды дамыту міндеттерін мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында шешу де ұмыт қалған жоқ. Қазіргі таңда әлеуетті жеке инвесторларға мектеп салу үшін облыс орталығынан жер телімдері берілді.

Зачаган кентінде 900 орындық мектеп салынуда. Апатты жағдайдағы №31 мектептің орнына 500 орындық ғимарат салу көзделуде.

Республикалық физика-математика мектебі биыл қосымша білім беру және мұғалімдер біліктілігін арттыру орталығын ашуды жоспарлап отырса, ал 2021 жылы 1-6 сыныптарға арналған «Fizmat Academy» мектебі іске қосылмақшы.

Президенттің бес әлеуметтік тапсырмасы аясында студенттер үшін 644 орындық төрт жатақхана бой көтеруде. Сол секілді М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің 1144 орындық жатақханасы құрылысы да басталды.

Әкімнің сөзіне қарағанда, техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарында жоғары білікті кадрлар даярлауды жақсарту, материалдық-техникалық базаларын нығайту, дуалдық оқытуды дамыту мақсатында колледждерді сенімді басқаруға беру жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, биыл сервис және жаңа технологиялар колледжін одан кейінгі сатып алу құқығынсыз 10 жылға сенімді басқаруға жекеге («Аспазшы» ЖШС, Балзия Евенеева) берілді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 12 мыңнан астам бүлдіршін бірінші сыныпқа баратынын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар
telegram