БҚО-да 4 720 жұмыскердің құқығы қорғалды: 51 ұйымда заңбұзушылық анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында 51 ұйымда қызметкерлерді өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру болмаған. Прокуратураның араласуынан кейін 4 720 жұмыскер сақтандырумен қамтылды. Бұл туралы БҚО прокуратурасы мәлім етті. 

БҚО-да 4 720 жұмыскердің құқығы қорғалды: 51 ұйымда заңбұзушылық анықталды
Фото: Kazinform\ЖИ

Батыс Қазақстан облысының прокуратурасымен еңбек заңнамасының сақталуына талдау жүргізілді.

Нәтижесінде 51 ұйымда қызметкерлерді еңбек міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырудың болмау фактілері анықталды.

— Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде 4 720 қызметкердің конституциялық құқықтары қалпына келтіріліп, олар еңбек міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырумен қамтылды, — делінген хабарламада.

Қабылданған шаралар өндірістік жарақат алу, еңбекке қабілеттілігінен айырылу немесе қызметкердің қайтыс болуы жағдайында олардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыс жалғасады.

Бұған дейін Оралда өз компаниясынан 2,2 млн АҚШ долларын жымқырған кәсіпкер сотталғанын жаздық.