БҚО-да 40 мыңдай тұрғынға коммуналдық жеңілдік көрсетіледі

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 40 мыңдай тұрғынға коммуналдық жеңілдік көрсетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің мәлім еткеніндей, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес төтенше жағдай мен карантин уақытында жеңілдік алатын санаттарға жататын, коммуналдық қызмет жеткізушілермен келісімшарты бар тұтынушылар үшін айына 15 мың теңге төлеу қарастырылған болатын.

«Соңғы кезде осы жеңілдікке қатысты сауал жиі түсуде. Коммуналдық төлем үшін 15 мың теңге тұрғындардың емес, коммуналдық мекемелердің шотына аударылады. Мысалы, сәуір айы үшін түбіртек 10 мамырға дейін келеді. Соған дейін коммуналдық төлем төленеді. Облыста жеңілдік алатын санаттарға жататын 39-40 мыңдай тұрғын бар», деді өңір басшысы.

Орал қаласы әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, аталған жеңілдікті І, ІІ, ІІІ топ мүгедектері, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, Екінші дүниежүзілік соғыстың мүгедектері мен қатысушылары және оған теңестірілген тұлғалар пайдалана алады.

Сондай-ақ мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау, ғарыш кеңістігіне ұшуға дайындық немесе ұшу кезінде, адам өмірін құтқару және құқық тәртібін сақтау кезінде қаза тапқан тұлғалардың отбасылары, төмен және одан аз зейнетақы алатындар, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, соның ішінде жалғызбасты зейнеткерлер өтінім бере алады.

Төлемді алу үшін тұтынушы ақпараттық жүйелер (электронды пошта: [email protected]) немесе call-орталық (109, 500-255, 8-771-068-58-53, 8-771-068-58-63) арқылы жеке сәйкестендіру нөмірін, әлеуметтік дәрежесін көрсете отырып, әкімдікке өтінім беруі керек.

Әкімдік ұсынылған деректерді тексеріп, мәліметтер рас болған жағдайда төлемақы аударылады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда коммуналдық қызметтер бағасы төмендегенін жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар