БҚО-да 5 100 қыз бала жатыр мойны обырына қарсы егілді

ОРАЛ. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының 2024-2026 жылдарға арналған ұлттық мақсаттарына сәйкес Батыс Қазақстан облысының тұрғындары профилактикалық екпелермен қамтылып келеді.

 Өзіңді жатыр мойны обырынан қорғау: Адам папилломасына қарсы вакцинациялаудың маңызы
Фото: rk-ncph.kz

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, жыл басынан бері жатыр мойны обырының алдын алу мақсатында адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау жұмысы жүргізіліп жатыр.

Динара Олжабайқызының сөзіне қарағанда, қазіргі кезге дейін облыс бойынша 11, 12 және 13 жастағы 5 100 қыз бала вакцина алды.

- Ата-аналардан өз балаларының денсаулығын қорғау үшін дұрыс шешім қабылдауға шақырамыз, - дейді департамент басшысы.

Оның айтуынша, туберкулездің алдын алу үшін жаңа туған нәрестелерге БЦЖ вакцинасын егу де маңызды. Биылғы алты айда туберкулезге шалдыққан 110 адам тіркелді, бұл 100 мың тұрғынға шаққанда, 15,8-ден келеді. Бұл өткен жылғыдан (158) 1,4 есеге аз. Аурудың асқынған түрі байқалған жоқ. Соған қарамастан, жылына бір рет флюорографиялық тексеруден өтіп, манту сынамасын алып, жеке гигиена және салауатты өмір салтын сақтау қажет.

- Биылғы бірінші жартыжылдықта облыс аумағында оба, тырысқақ, құтыру, туляремия, түйнеме, сондай-ақ іш сүзегі, дифтерия, қызамық, сіреспе, безгек сияқты қауіпті жұқпалы аурулар тіркелген жоқ. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, жіті ішек инфекциялары 30, жоғары тыныс жолдарының анықталмаған жұқпасы 20,1 пайызға, қызылша 54,21 есеге, менингококк инфекциясы – 3, А вирусты гепатиті – 6, көкжөтел – 8, бруцеллез 16 дерекке азайды, - деді Д.Жаңабергенова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да бүйрек синдромды геморрагиялық қызба ауруына шалдыққандар саны көбейгенін жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар